12.12.2016 в 00:57

Таразда ғимараттарды бірыңғай үлгіге келтіру үшін 340 млн теңге жұмсалады

Облыс орталығында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте қала құрылысының ала-құлалығы, енгізілген жолдардың жүктемесі, салынып жатқан нысандардың заңдылығы проблемалары талқыланды, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Мәжілісте Жамбыл облысы елді мекендерінің сыртқы келбетін бұзатын бірқатар проблемалар аталды. Мұның барлығы бас жоспарсыз, егжей-тегжейлі жоспарлаусыз, «қызыл желі» қағидатын бұзудан орын алған ретсіз құрылыстар. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Рыспаевтың ақпаратына сәйкес, облыс аудандары елдімекендерінің бас жоспарларын бекіту жалғасуда. Жуалы және Мойынқұм аудандарындағы 30-дан астам ауылда бас жоспарлар дайындалу үстінде. Елді мекендердің бас жоспарлармен қамтамасыз етілу көрсеткіші бойынша облыс елде 11-ші орында тұр. Рыспаев Жуалы, Шу, Жамбыл аудандарында бас жоспар параметрлерін, құрылыс сәулет жоспарлау тапсырмасын ескермей жүргізіліп жатқан құрылыстар барын айтты. Көлік саны жыл сайын артып отырған Таразда жол инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігі туындауда. Кептелістерге жол бермеу, қауіпсіздікті тиісті деңгейде қолдау үшін облыс орталығына жол қозғалысын қиындататын ғимараттар мен құрылыстарды бұзу мәселесін қатаң түрде алға қою қажеттігін айтты. «Қаржылық шығын мәселелері екінші орынға шығуы тиіс. Бұдан басқа, жол шетіне нысандар салуға рұқсат беруді тоқтату қажет», - деді ол.