18.08.2014 в 11:18

Депутаттардың табысы қанша?

ҚР Парламент депутаттарының айлық жалақыларын дөп басып айту қиын. Шамамен біздің депутаттар 400-600 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Комитет төрағаларына одан да көбірек жалақы жазылуы мүмкін.  Біздің елдегі депутаттардың қосымша табыс табуына тыйым салынған. Алайда, лекциялар оқуға рұқсат берілген. Мысалы Камал Бұрханов, т.б. депутаттардың Еуразия ұлттық университетінде дәрістер оқитынын білеміз. Алайда, көптеген депутаттардың жеке бизнесі бар екені халыққа аян. Бірі гранит шығарады, енді бірі құрылысты қыздырып, қымбат-қымбат үй салады дегендей. Тағы біреуі қонақ үйлер желісін жасап алған. Әрине, олар ашық жариялы түрде өз атына тіркемейді. Отбасы мүшелеріне, туыстарының атында тұрады. Осы мәселемен Германия ашық күресе бастапты. Енді әлемдік мысалдарды келтірейік.  

Германияның заң шығарушы органы - Бунтестагтың депутаттары қосымша жұмыстарынан 1 млн-нан астам еуро пайда табады екен. Бұл тек Германияның депутаттарына ғана тән жағдай емес, Еуропалық мемлекеттердің көпшілігінде солай.

Мысалы неміс депутаттарының айлық жалақысы - 9 мың еуро шамасында. Бірақ олардың арасында қосымша кірісі жалақысынан да көп депутаттар бар. Бұл жағынан алғанда Христиан-әлеуметтік одағының (ХСС) депутаттары көш бастап тұр. Осы партия өкілдерінің 40 пайыздан астамы қосымша табысты лекциялар оқығаннан, рецензиялар жазғаннан және құқықтық сауаттылық бойынша кеңестер беру арқылы табады.  ХСС депутаты Петер Гаувайлер ең белсендісі екен. Ол Бундестагта ай сайын алатын 9 мың еуродан бөлек, үйіне жыл сайын миллион еуродан көп кіріс кіреді. Бунтестагтағы өзге партиялар Христиан-демократиялық одағы (25 пайыз депутаты), Социал-демократтар (20 пайыз депутаты), Одақ-90/"Жасылдар" (17 пайызы),  Солшылдар партиясы (15 пайызы) да қарап қалмайды екен.

Осындай табыс үшін өңмеңдеген депутаттардың салық төлеушілердің есебінен алатын жалақысын ақтауға уақыттары қала ма? деп жазады www.dw.de сайты. Қазір осы мәселе Германияда қызу талқыланып жатыр. Алдағы уақытта депутаттар бунтестаг президиум алдында 10 деңгейден тұратын есеп-қисап тапсыратын болады.

Еуропаның өзге елдерінде қалай?

Әрине қосымша кіріске тосқауыл болу қиын. Десе де Испанияда депутаттардың қосымша жұмыс істеуімен күрес жүргізіліп жатыр. Депутат мандаты мен жекеменшік табыс көздерін бірге алып жүруге рұқсат жоқ. Тек қана отбасылық бизнесті, оның өзінде қандай да бір дүниенің авторлығы сол отбасыға тиесілі болып, халықтың сұранысына ие болса ғана. Ол үшін де арнайы рұқсат алу керек. 2011 жылы өзгерістер енгізілгеннен бері барлық кірісті көрсету міндетті. Испаниялық депутаттардың еуропалық өлшеммен алғанда әлдеқайда төмен жалақы алатынын айта кету керек.

Франция

Қосымша табыс табуға шектеу жоқ. Алайда табысының мөлшері жайлы ақпараттандырып тұру керек. Әсіресе сайлау кезеңдерінде табыс декларациялары талап етіледі.Жекеменшік кәсіпорындарды басқарғандар үшін ашық-жариялылық ауадай қажет.  Бұл елде тек депутат бола отырып, қосымша мемлекеттік мекемелер мен компанияларда жұмыс істеуге тыйым салынған.

Ұлыбритания

Парламентарийлердің қосымша табысына бұл елде де кедергі жоқ. Есесіне "Мінез-құлық, ар-намыс кодексіне" сәйкес олар өз бизнесі жайлы хабарлап отыруы қажет. Жай ғана хабарлап емес, әр қызметтен қанша алатынына дейін көрсету керек.

Италия

Шектеу жоқ. Ашықтық туралы заң бар. Ол бойынша депутаттар өздері анкета толтырады. Кейін ол анкеталардағы жауаптар интернет сайттарда жарияланады.

Швейцария

Ал Швейцарияда керісінше, "кәсіби саясаткерлер" жоқ. Бұл елде саяси қызмет қосымша жұмыс ретінде қарастырылады. Біздегі облыстық мәслихаттарға қатты ұқсамаса да, соған келеді.