28.11.2016 в 21:50

Таразда «Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздік кепілі» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті

«Мемлекеттік тіл  - Тәуелсіздік кепілі». Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында дәл осындай тақырыпта жас ақындар арасындағы жыр мүшәйрасы өтті. Бұл туралы ҚазАқпаратқа  ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметінен хабарлады. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген іс-шараға аталған оқу орнының 200 студенті қатысты. Әдеби байқау екі кезең бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңде жүректерінен жыр тербеген жас ақындар Тәуелсіздік тақырыбына арнап шығарған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде қазақ ақындарының бірінің егемендікке арнаған өлеңін оқып сынға түсті. «Мүшәйра тақырыбы тәуелсіздікті, Астананы жырға қосуға бағытталды. Ел тарихындағы жарқын сәттерде жырға арқау ету. Осы арқылы жастарды отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелеу керекпіз», -  дейді шара ұйымдастыршылары. Қазылар алқасының шешімі бойынша Ақәділ Аспетов, Ғалия Раушанбек, Наргиз Назамбай, Ернұр Бейсенов, Өмірбек Еркебай және Нұрила Искакова сынды студенттердің өлеңдері үздік деп танылып, жүлдегер атанды.