13.12.2016 в 22:11

Таразда «Қазақстанда жасалған» тауар өндірушілердің көрмесі өтті

Ел экономикасын дамыту үшін, отандық өнімдерге деген сұраныс жоғары болуы тиіс. Осыған орай Тараз қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет үйінде «Қазақстанда жасалған» атты тауар өндірушілердің көрмесі өтті.

Бүгінде мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерді қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Қазақстандық бизнеске қолайлы жағдай жасау бағытында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар соның дәлелі. Мәселен, жыл басынан бері тек Тараз қаласының өзінде кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда біршама артқан.

Серікжан Әбдікерімов, Тараз қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы

2016-шы жылдың басынан бері 60-тан астам кәсіпкерлер 14 млрд теңгеден астам несиелер алып жұмыс істеп жатыр. Жергілікті тауар өндірушілерін халыққа кеңінен насиаттау бүгінгі мақсатымыз.

Бүгінгі іс-шараға Тараз қаласындағы ірілі-ұсақты жиырмаға жуық тауар өндірушлер қатысты. Мұнда құрылыс заттардан бастап, ауылшаруашылық, қолөнер бұйымдарының кез-келген түрі табылады.

Нұржамал Дәуренбекова, жеке кәсіпкер

Біз жеке кәсіпкерміз «Өнер сауда үйі» 20 жылдан бері қолөнермен айналысамыз. Садақ жасаймыз тапсырыспен. Астанаға киіз үйлер торсықтар апарамыз.

Тараз қаласында  кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Әрине, еліміздің өркендеуі, экономикамыздың тұрақтылығы бірінші кезекте  Ел Тәуелсіздігінің жарқын жемісі.