Егемендік алған жылдардан бері қалада 8 мектеп, 25 балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы, барлығы 37 білім нысаны салынып, балалар игілігіне берілді.
«Кірпіш зауыты» алқабында орналасқан №60 орта мектептің ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен басталды. Оқушылар өз өлеңдерін оқып, мектеп туралы әндерін шырқады. Сондай-ақ, білім беру орнына символикалық кілт табыс етілді.
Мектеп құрылысы республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландырылған. Құны 830 млн 58 мың теңгені құрайды. Заманауи оқу бөлмелерімен жабдықталған білім беру орны 2 жыл ішінде бой көтерді. Қалалық білім бөлімі басшыларының айтуы бойынша мұнда №16,14,22 мектептің оқушылары білім алатын болады. Жаңа мектепті жергілікті тұрғындар көп жылдан бері армандаған. Енді, оқушылар үш қабатты зәулім нысанда сапалы білім алып, үлкен көрсеткіштерге жетуді мақсат етеді.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, болашақтың іргесін қалайтын білімді жастар оқуда озат болса болғаны. Ал, білім беру мекемелерінің санын көбейту жұмыстары әлі де жалғасын табады.