18.11.2016 в 23:40

Жамбыл облысы ауылдарының 90% қоғамдық көлікпен қамтылған

Жамбыл облысының көліктік кешені жалпықазақстандық көлік жүйесінің басты буыны болып табылады. Өңір аумағымен экспорттық-импорттық жүк тасымалының маңызды бағыттары өтеді, деп мәлімдеді өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, көлік және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Әділет Ахатаев. Спикердің айтуынша, автомобиль көлігі - облыс ішінде және облыстан тыс жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың негізгі түрі. Бүгінде Жамбыл облысында бір автовокзал, сегіз автостансы және жолаушыларға қызмет көрсететін бір пункт бар. 1719 автобус пен  шағын автобус 207 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. «2012-2014 жылдары жүк тасымалы - 10,6%, жүк айналымы - 10,1%, жолаушылар тасымалы - 9,9%  және жолаушылар айналымы  22,8% ұлғайған. Өткен жылдың өзінде жүк тасымалы - 2,7%, жүк айналымы - 0,1%, жолаушылар тасымалы - 5,2%, жолаушылар айналымы 9,4% өскен», - деді Ә.Ахатаев. Ол өңірдегі 373 ауылды елді мекеннің 335-і, яғни 90% қоғамдық көлікпен қамтылғанын атап өтті.  «Көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту мен интеграциялаудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында 10 автостансы, жолаушыларға қызмет көрсететін 10 пункт және 80 такси тұрағын тұрғызу жоспарланған. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, Таразда автостансы мен 33 такси тұрағының және Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында  жолаушыларға қызмет көрсететін бір пункттің құрылысы аяқталған. Жаңатас қаласы мен Мойынқұм ауылында күрделі жөндеуден өткен автостансы пайдалануға берілді. Өткен жылы Аса ауылында басталған автостансы құрылысын биылғы жыл соңына дейін бітіру ойда бар. Қаратау қаласы мен Қордай ауданының орталығында автостансы құрылысына арналған жер телімдері берілді, жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр», - деді спикер. Жыл сайын әлеуметтік маңызы бар темір жол және автобус бағытттарына арналған бюджет қаражатының көлемі ұлғайып жатыр. Осылайша, 2014 жылы 278,7 миллион теңге бөлінді. Қолданыстағы әлеуметтік темір жол бағыттары бұрын-соңды жолаушылар көлігі болмаған Бел, Хантау, Қияқты, Шығанақ және Бурылбайтал елді мекендерінің жолаушыларына қызмет көрсетеді. 2015 жылы 307,9 млн. теңге, 2016 жылы 353,8 млн. теңге бөлінді, - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, көлік және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Әділет Ахатаев.