«Осыдан бірер жыл бұрын ауданға жасаған жұмыс сапарым барысында қаратаулықтар қолданыстағы емханаларының ғимараты типтік емес әрі ескергенін, бір ауысымда тек 50 адамды ғана қабылдауға қауқары жететінін айтқан еді. Осы ретте, аудан орталығына жаңа емдеу мекемесін салу қажеттілігі туындап тұрғанын да жеткізген. Сол уақыттан бері арнайы шешім қабылданып, 2014 жылы жаңа нысанның құрылысы басталып кеткен болатын. Бүгін міне, еліміз үшін маңызы зор қос мерекенің қарсаңында су жаңа емхана пайдалануға беріліп отыр. Мұнда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық заманауи құрылғылар орнатылған. Жалпы Егемендіктің 25 жыл ішінде облыс бойынша 162 нысан салынса, соның ішінде 13-сі Талас ауданында ашылды. Ал, мына емхана солардың қатарына қосылып отыр» - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, нысанның құрылыс жұмыстары 2014 жылы басталған. Емдеу мекемесінің жобалық құны 1 миллиард 125 миллион 924 мың теңгені құраған. Бір ауысымда 250 емделушіге қызмет көрсете алатын емхана үш қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 3,7 196 шаршы метрді құрайды. Емхананың бас дәрігері Есмахан Имаммырзаевтың айтуы бойынша, соңғы талаптарға сай салынған мекеме дәрігерлерге келушілердің денсаулығын тексеріп қана қоймай, нақты диагноздарын белгілеп, қажет жағдайда тиісті мекемелерге жолдай алады екен. Айта кетер жайт, емхана Оңтүстік Корея, АҚШ және Италияның алдыңғы қатарлы емханалардың пайдаланатын соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Бұл науқастарды бастан-аяқ тексеруден өткізіп, толыққанды зерттеу жұмыстарын жургізуге мүмкіндік бермек.