22.11.2016 в 02:51

Жамбыл облысының әкімі Ішкі істер департаментіне 83 қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті

Бүгін Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында Жамбыл облысы әкімі К.Көкрекбаев облыс Ішкі істер департаментіне арнайы көлік құралдарының кілттерін салтанатты түрде тапсырды. Бұлтуралы Жамбыл облысы ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлайды.

Салтанатты рәсімге ІІД бастығы полиция генерал-майоры Т.Маткенов бастаған Ішкі істер департаменті, Жергілікті полиция қызметі мен Тараз қаласы Ішкі істер басқармасының жеке құрамы қатысты.

ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Досановтың пәрменімен ІІД горнизоны сапқа тұрып, алаңға ҚР Мемлекеттік Туы әкелінсе, 5513 әскери бөлімі оркестрінің сүйемелдеуі арқылы Қазақстан Республикасының Әнұраны ойнады.

Алғаш болып Жамбыл облысының әкімі Кәрім Насбекұлы Көкрекбаев сөз сөйлеп, су жаңа арнайы қызметтік 83 автокөліктің кілтін тапсырды. Облыс әкімінің қолынан кілт алған полиция қызметкері өз кезегінде Қазақстан Республикасына қызмет етуге ант берді.

Келесі кезекте сөз сөйлеген Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Тлеген Советұлы Маткенов: «Бүгін жамбылдық полицейлер үшін ғана емес, барлық облыс тұрғындары үшін қуанышты жайт орын алды. Себебі, материалдық-техникалық базаның жақсаруы аймақ тұрғындарының мүддесі үшін қылмыспен күресуде қоғамға тиімдірек қызмет етуге септігін тигізеді. Жамбылдық полицейлердің сапалы қызмет атқаруы ісінде облыстық әкімдік баға жетпес көмек көрсетті әрі көрсетіп келеді де. Бүгінгі заманауи автокөліктердің табыс етіліуі – осының айқын бір дәлелі. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қолдау жасау мәселелеріне көңіл бөлгеніңіз үшін, Кәрім Насбекұлы, Сізге шынайы алғысымды білдіргім келеді – дей келе, облыс полицейлерінің қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық күш-жігерін салып  еңбек етеді» - деп сөзін аяқтады.