08.09.2014 в 18:06

Электронды демократияға дайынбыз ба?

Ежелгі грек жерінде халықтың алқа-қотан жиын өткізуі арқылы қалыптасқан демократия да заманға сай түлей түсуде. Уақыт өтсе де, демократияның өзегі – сөз бостандығы, азаматтардың алуан пікірлері арқылы саясатқа еркін қатысуы сақталып келеді. Бірақ демократияның кейбір жүзеге асырылу тетіктері заманауи үлгіге ойысуда. Демократиялық құндылықтарды дәріптейтін Батыс ғалымдарының «электронды демократия» ұғымын қолданысқа енгізгеніне де біраз уақыт өтті. АҚШ пен Ұлыбританияның ойшылдары «электронды демократия – демократиялық құндылықтардың негіздерін сақтап, одан әрі дамыту, ең бастысы, билік орындарының шешіміне, саяси процестерге қарапайым азаматтарды қатыстыру» деп түсіндіреді.

 

Әлбетте, бұл мемлекеттің әлеуметтік әлеуеті мен техникалық мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Біздің елде электронды демократияның бір белгісі, яғни электронды үкімет бастамасы жүзеге асырылуда. Премьер-министрден бастап, министрліктер мен агенттік төрағаларының барлығы жеке блогтарын ашып, халықпен тікелей байланысқа шығып жатқанымен, толыққанды электронды демократияға қол жеткізе алған жоқпыз. Электронды демократия қалыптасуы үшін Парламент депутаттарының әрқайсысы, саяси партиялардың барлығы ел тұрғындарымен ғаламтор арқылы бетпе-бет байланысқа түсуі керек. Яғни халықтың қалаған саясаткерімен байланысқа шығып, саяси талқылауларға қатыса алуына мүмкіндік болуы шарт. Осы ретте тақырыбымызға тұздық ретінде электронды демократияның әлем елдеріндегі тәжірибесін мысалға алып өтсек.

Электронды демократияның өзге елдердегі тәжірибесі қандай?

АҚШ-та электронды демократия дамудың шырқау шегіне жетіп, тіпті теледемократияның өзін екінші орынға сырғытқан. Бұл елде рейтингі жоғары веб-порталдарға конгресте қаралатын заң жобалары туралы жан-жақты зерттелген мақалалар жарияланып отырады. Артықшылықтары мен кемшіліктерін ой елегінен өткізген кез келген оқырман өзінің қолдайтынын немесе қарсы болғанын білдіреді. Дауыс берудің қорытындысы заң шығарушы органның өкілдеріне беріліп, конгрессмендердің заң жобасына дауыс беруі кезінде қарапайым азаматтардың таңдауы ескеріледі.

Жапонияның ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды дамытуды қамтитын «Электронды Жапония» атты кешенді бағдарламасы 2001 жылы қабылданып, 2005 жылы аяқталды. Елдің түкпір-түкпіріне жоғарғы жылдамдықтағы желілер орнату арқылы Жапония да электронды демократияға қол жеткізген мемлекетке айналды. Сондай-ақ саясатқа электронды желілер арқылы қатысуға Эстония, Нидерланды, Ұлыбритания және Швейцария сияқты елдердің тұрғын халқы дағдыланып алғандығын да айта кету керек. Мына бір дерек арқылы дүниежүзінде желі арқылы саясатқа араласқанды қалайтындардың саны жыл өткен сайын артып келе жатқанына анық көз жеткізуге болады. Әлемдік Taylor Nelson Softres компаниясы Австралия, Канада, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және ЕО елдеріне зерттеу жүргізген екен. 30 мыңға жуық адам қатысқан зерттеу нәтижесі интернет арқылы билікпен қарым-қатынасқа түсетіндердің саны едәуір артқанын көрсеткен. Яғни жер бетіндегі халықтың 30 пайыздан астамы ғаламтормен саяси процестерге қатысады.

Бұл үрдіс уақыт өткен сайын жалғаса береді. Жан-жақты бәсекелестікке қабілетті болуды көздейтін еліміз бұл сынға дайын ба?

Досым СӘТПАЕВТәуекелді бағалау тобының жетекшісі:

– Қазақстанда электронды демократияның қалыптасуына әлі көп уақыт керек. Бізде электронды демократияның белгілері ретінде электронды үкімет бағдарламасының жүзеге асуын айтуға болады. Бірақ бағдарлама дұрыс болғанымен, оның жүзеге асуы ойдағыдай емес. Халық әлі де болса өзінің жеке мәселелерін билік басындағылардың блогына хабарласу арқылы шешуге болады дегенге сенбейді. Электронды демократияның Батыста қалай дамып келе жатқанын айтпай-ақ қояйын. Посткеңестік елдердің ішінде бірінші орында Эстония, Латвия және Литва болса, екінші сатысына Гүржістан мен Украинаны орналастыруға болады. Ал қалған мемлекеттер үшінші орында қалады. Тіпті көршілес Ресейде де электронды демократия дамымаған.

 

Шәріпбек ӘМІРБЕК, саясаттанушы:

– Электронды демократия ақпараттық мүмкіндіктері жоғары елдерде қалыптасқан. Біздің елде қалыптасу үстінде деп айтуға болады. Электронды үкімет бағдарламасы жүзеге асырылғанымен, халықтың басым көпшілігі үшін интернет әлі де болса қолжетімсіз болып отыр. Электронды демократия ғаламторға әрбір азаматтың қолы жеткенде ғана толыққанды жүзеге асады деп ойлаймын.

 

Түйін

Жоғарыда АҚШ-тың теледемократияны екінші сатыға сырғытқанын мысал ретінде атап өттік. Бізде электронды демократия түгілі, саясаткерлердің телеарналар арқылы халықпен араласуы кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Жыл сайын тікелей эфир арқылы халықпен араласуды әдетке айналдырған Президенттен үлгі алғанның орнына өзіне қатысты жауапты сала туралы жауап беруден қашқақтайтындар көп. Электронды демократияның қалыптасуы әрбір азаматтың саяси оқиғаларға қатысуымен қатар, олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Демократияның сақталуын қатты қадағалайтын халықаралық қауымдастық алдағы уақытта әрбір мемлекеттегі демократияны электронды нұсқасымен өлшейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан әлемдік көштен қалмауды осы бастан ойлағанымыз жөн шығар.

"Алаш айнасы"