Түсқағаздағы, тоқыма бұйымдарындағы «3 D» өрнек қай елдің нарығында болмасын, мықты сұранысқа ие болғаны анық. Осыны ескерген шымкенттік фабрика «3 д» нәскилерін шығаруда.
Өндіріс орны 2015 жылдың желтоқсан айынан жұмыс істейді. Ол «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Елбасының қатысуымен өткен телекөпір барысында іске қосылған. Ашылғанына небәрі 1 жыл өтсе де, күн сайын тірлігі жанданып, өнім түрлері жаңарып келеді. Биылдан бастап, кәсіпорын «3 D» өрнегімен шұлықтар шығара бастаған.
Кәсіпорын шұлықтары 100 пайыз мақта өнімінен жасалады. Синтетикалық қоспасы жоқ. Лайкраның өзі шұлықтың тез тозбауына септеседі. Өнім Оңтүстік Кореядан әкелінген 230 қондырғыда тоқтаусыз тігіледі. Ал, мамандар автоматтандырылған құрылғы дайындап берген шұлықтың мінсіз сапасын қадағалайды.
Еліміздегі ең қуатты зауыт «Әлем БТ» ЖШС-і жылына 20 млн. жұп шұлық шығарады. Шикізатқа оңтүстік мақтасы жарайтындықтан, тауардың құны қымбатқа түспейді. Сапасы жоғары, бағасы төмен өнімге шет елдерден сұраныс көп. Бүгінде 25 пайызы Оңтүстік Кореяға экспортталса, жақын күндері Германия мен Польшаға да жол тартады.