05.05.2017 в 23:22

«Шымкент-сити» аумағында тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүргізілуде

«Шымкент-сити» – бүгінде қаланың басты құрылыс алаңына айнала бастаған. Жалпы 427 гектарды құрайтын жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені аумағында бүгінде жол салынып, инфрақұрылым жұмыстары қарқын алуда.

Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жергілікті БАҚ өкілдеріне «Тұран» шағынауданындағы ауқымды жобаның құрылыс барысын таныстырды.

      Пресс-тур барысында белгілі болғандай, осы аумақта 316 тұрғын үй құрылысы жүргізілетін болады. Ол үйлер жеке компаниялар есебінен және мемлекеттік «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша да берілмек. Н. Көшероввтың баяндауынша, бұл тұрғын үйлер құрылысына 300 млрд теңге шамасында қаражат жұмсалмақ. Оның 200 миллиарды инвесторлардан болса, қалған 100 млрд «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жұмсалады.

      Сондай-ақ осы аумақтан «Шымкент Арена» спорт сарайы бой көтермек. Оның сыйымдылығы 5-8 мың аралығында болмақ. Қазір құрылыс жобасы жасалып жатыр.

      Айта кетерлігі, «Шымкент-сити» аумағында дәл қазір тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін 5 көпқабатты үй аяқталады. Оның әрқайсысында 55 пәтерден болады.

      – Республикалық қаржының есебінен тек инфрақұрылым жұмыстарын және қолжетімді түрғын үйлер құрылысын жүргіземіз. Қалғаны толық жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады, – дейді қала әкімінің орынбасары БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.