24.05.2017 в 09:48

Шымкентте импортты алмастыратын отандық косметика шығарылады

Қыз-келіншектер үшін бет сұлулығы мен сымбатын сақтау маңызды. Жасыратыны жоқ, бет күтімі үшін әйелдер қауымы қаражатын аямайды. Шетелден келетін брендті сатып алуға құмар. Кез келген сауда орталықтарында шетелдік косметикалық тауарлардан көз сүрінеді. Алайда бұл салада соңғы жылдары отандық «Айсәуле» компаниясының өнімдері шығарыла бастады. Қазір шымкенттік ғалым Айсәуле Мұсаеваның өнімдеріне сұраныс жоғары.

Көп уақыт өтпей ғалым ғажап маска жасап шығарады. Түрлі шөптер мен дәнді дақылдардан байытылған өнім қыз-келіншектердің үлкен қолдауына ие болады. Сұраныстар мен ұсыныстар көптеп түсе бастайды. Сіңлісі Зәуремен бірге, отандық косметиканы шығаруды жолға қояды. 2012 жылдың қараша айынан бастап, жұмыс істеп келеді. Ғалымның инновациялық жобасы Үкімет тарапынан қолдауға ие болғанын айта кеткен жөн. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік грантты жеңіп алады. Содан отандық «Айсәуле» косметикасын өндіретін өндірістің технологиялық желісі құрылды.

Шетелдік косметикамен бәсекелесе алатын ерекше және қолжетімді косметика дайындау осылай қолға алынады. Бүгінде бет, тері күтіміне арналған алуан өнімдер тұтынушыларды қуантып келеді. Өйткені барлық өнімдер термиялық өңдеусіз дайындалғандықтан, бетке қажетті макро және микро элементтер жақсы сақталады. Ал маска және кремдер тері ағартатын, сергітетін, дақтармен күресетін қасиетке ие. Бүгінде Айсәуленің өндірістік технологиялар желісінде 15-ке жуық маска, крем, сусабын мен фито шайлар дайындалады. Сонымен бiрге, шашқа ерекше әр беретiн, қоректендіретін сусабындар да шығарылуда. Шаштың түсуiне қарсы арнайы маска да бар. www.aisaule.kz сайтында «Айсәуле» өнiмдерi туралы тұтынушылардың жылы лебiздерi жетерлiк. Мұнан отандық косметиканы қолданушылар қатарының көп екенін аңғаруға болады.

Бүгінде зертхана заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Идея авторының айтуынша, мамандар қыз-келіншектерге қажетті кремдерді дайындауда аянып жатқан жоқ. Қазіргі таңда отандық өнімге сұраныс Шымкенттен ғана емес, республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп түседі. Себебі, халық шетелдік косметикадан отандық өнімнің пайдалы екенін түсіне бастады.

– Елімізде кәсіпкерлерге бизнес жасауға мүмкіндік мол. Оған қолдау да, қаражат та жетеді. Тек ізденіс пен еңбек қажет. Елбасымыз айтқандай, «Өз игілігің үшін еңбек етсең, халықтың да игілігі артады». Кәсіпкерлерге айтарым, бизнес жасау үшін қолыңда өз өнімің болу керек. Кәсібіңді алдын ала жоспарлап алған дұрыс. Еңбек, алда мақсат болғанда жұмысың алға басады. Қорқыныштан арылып, біліміңді күн сайын жетілдірген жөн. Халықтың талабына сай еңбек ету басты ұстанымың болсын. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу кәсібіңді алға өрлетеді. Өнімнің әрі қарай таратылуына жарнаманың маңызы зор. Бағаны тұрақты ұстап, есесіне өнім түрлерін көбейткен дұрыс – дейді Айсәуле Мұсаева.

Алдағы уақытта Айсәуле апай өндірістің шеңберін кеңейтуді, жұмысшылардың санын арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ тауар құтыларын, дизайнын жаңарту күн тәртібіндегі шаруа. Шымкенттен «Айсәуле – табиғи отандық косметика» брендімен дүкен ашып, оның санын Қазақстандағы басқа қалаларда да көбейту де алдағы күннің еншісінде.

Ақпарат көзі: "Шымкент келбеті" газеті.