27.05.2017 в 21:41

Шымкенттен «Астана ЭКСПО – 2017» мотокеруен жолға шықты

Шымкент қаласынан «Астана ЭКСПО – 2017» мотокеруені жолға шықты. Елорда төріндегі ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін қолдау мақсатында қолға алынған іс-шара облыс әкімдігінің қолдауымен өтті. Байкерлер алдымен «Абай» саябағына жиналып, «тұлпарларын» сайлады. Ал, негізгі іс-шара «Шымкент Плаза» сауда және ойын-сауық кешенінің алдында ұйымдастырылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан газеті жазады.

Салтанатты шарада ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының өзбек және славян мәдени орталықтарының өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Сондай-ақ ЭКСПО – 2017 көрмесіне облысымыздан баратын ерікті студентер де байкерлерге қолдау көрсетіп, жиынды көңілді ете түсті.

«Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығының директоры Жасұлан Төлебеков ЭКСПО – 2017 көрмесінің маңыздылығына тоқталды.

— Екі аптадан кейін ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – ЭКСПО көрмесі басталады. Бұл маңызды іс-шара еліміздің ғылым және туризм саласына тың серпін береді деген ойдамын. Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде өңірімізден мотошабандоздар керуені Елордаға аттанғалы тұр. Бұл азаматтарға ақ жол тілейміз, - деген ол мотокеруен жетекшісі Рүстем Базарбековке еліміздің көк туын салтанатты түрде тапсырды. Сонымен қатар, керуенге қатысушы байкерлерге ЭКСПО – 2017 көрмесінің төлтаңбасы мен «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығының аты жазылған тулар берілді.

Бұл мотошеру еліміздің 9 облысы мен 1 қаласын қамтиды. Атап айтсақ, ОҚО, СҚО, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, БҚО облыстары мен Астана қаласына дейін жалғасады. Мотокеруенге шетелден екі байкер қосылған. Барлығы сапарға сақадай-сай. Сапарын «Абай» саябағынан басталған керуен Шымкент қаласының бірнеше көшесінде жалғасын тауып, Түркістанға қарай аттанып кетті.