30.05.2017 в 23:40

«Қайнарбұлақта» «Қазпошта» бөлімшесі ашылды

      Аптаның алғашқы күнінде 32 мың тұрғыны бар «Қайнарбұлақ» саяжайында «Қазпошта» АҚ-ның жаңа бөлімшесі пайдалануға берілді. Жаңа ғимаратта жергілікті тұрғындар үшін 100-ден астам қызмет түрі көрсетілетін болады.

Айта кетейік, бірер ай бұрын Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жергілікті тұрғындармен кездесуінде бұл мәселенің өзектілігі сөз болған еді. Онда тұрғындар сәлемдеме жолдау, қаржылық аударымдарын жасау, зейнетақы мен жәрдемақысын алу үшін де қала орталығына баратынын айтып, мәселені оңтайлы шешіп беруді сұраған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ел игілігіне беріліп отырған осы бір шағын ғана ғимаратта азаматтар коммуналдық қызмет түрлеріне төлемдер жасап, тіпті, ұшақтар мен теміржол қызметіне де билеттерге тапсырыс бере алады.

– Жалпы, қала аумағында 35 ірі қалалық почта байланысы, 100-ге таяу бөлімшесі бар кәсіпорын үшін бұл әрине, айрықша сәт. Тұрғындардың талап-тілегіне орай, барлық қызмет түрлерін ұсынатын боламыз, – дейді «Қазпошта» АҚ ОҚО филиалының директоры Әлия Сүгірбаева.