ЭКСПО – 2017 мамандандырылған халықаралық көрмесiне Шымкент қаласынан 1650 оқушы барады. Игi iске жергiлiктi әкiмдiк тарапынан қолдау көрсетiлiп, бюджеттен арнайы қаржы бөлiнген. Оқушыларды Елордаға апарып-қайту үлкен жауапкершiлiктi талап ететiнi түсiнiктi. Бұл мiндеттi облысымызда өткен жылы ең үздiк деп танылған «Жаңа Талап» туристiк фирмасы атқарады. Таяуда осы фирманың директоры Денис Жәрменов «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында қаладағы мектеп директорлары, орынбасарлары және ұстаздармен кездестi. Жиында оқушыларды ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесiне жолға даярлау мәселесi сөз болды,-деп жазады Оңтүстік Қазақстан газеті.
Денис Жәрменовтiң айтуынша, «Жаңа Талап» туристiк фирмасы оқушыларды Астанаға саяхатқа апаруға дайын.
– Оқушыларды 150 адамнан 11 топқа бөлiп, рет-ретiмен алып барамыз. Әр сапар барысында оқушылардың қасында 10 мұғалiм мен екi дәрiгер және бiздiң фирманың өкiлдерi жүредi. Оқушылардың қауiпсiздiгi, уақытын тиiмдi өткiзуi, бәрi жоспарда қарастырылған. Әрбiр оқушыға техника қауiпсiздiгi және жолда жүру ережесi бойынша арнайы кiтапшалар берiледi. Жол ұзақ болғандықтан пойызда түрлi бiлiм сайыстарын, ойындар ұйымдастырамыз. Зияткерлiк ойын тақталарын апарамыз. Өздерiңiз бiлесiздер, жазда тағамдар тез бұзылады. Ал, жас саяхатшыларымызға төрт мезгiл тамақ беруiмiз керек. Осы мақсатта жолдағы стансаларға өкiлдерiмiздi бекiттiк. Олар тамақ әзiрлеп, дайын тұрады. Оқушылар жуынатын заттарын, қасық және сусын iшетiн ыдысын, туу туралы куәлiктерiн өздерiмен бiрге алып жүредi. Тағамдар мәзiрiн диетолог мамандармен ақылдаса отырып бекiттiк, – дейдi ол.
ЭКСПО – 2017 көрмесiне баратын оқушылар тiзiмiн Шымкент қалалық бiлiм бөлiмi бекiткен. Негiзiнен жолдама жетiм және жартылай жетiм, сондай-ақ әлеуметтiк аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және үздiк оқушыларға берiлген. 7-9-сынып аралығындағы оқушылар iрiктелiп алынған. Саяхатшылар жолда екi тәулiк және Астана қаласында 2 тәулiк болады. Пойыздан түскен оқушыларды шағын автобустар күтiп алып, Назарбаев Университетiнiң жатақханасына орналастырады. Мұнда бар жағдай жасалған. Жатын орындар, жуынатын бөлмелер, асхана бәрi жоғары деңгейде. Жатақханаға орналасып алған соң оқушылар ЭКСПО қалашығын, павильондарды аралайды. Жаңа нысандарды, оның iшiнде көрменiң басты мақтаныштарының бiрi алып шарды көредi. Екiншi күнi Астананың ең көрiктi орындарына саяхат жасайды. Қысқасы, оқушылардың демалысы мазмұнды әрi көңiлдi болады деп күтiлуде.
Жиында ұстаздар қауымы сапарға қатысты түрлi сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Олар оқушыларға нотариалды сенiмхат дайындау мәселесiн қозғады. ЭКСПО – 2017 көрмесiне оқушыларды апару бойынша Шымкент қаласындағы бас координаторы Ұлбосын Әбiлханова әрбiр мектепке iссапар жоспары мен мерзiмi электронды пошта арқылы жiберiлетiнiн мәлiмдедi. Шымкент қаласынан оқушылардың алғашқы легi 11 маусымда жолға шығады. Екi ай көлемiнде 1650 оқушы түгел елордаға саяхаттап үлгермек.