ЭКСПО–2017 мамандандырылған халықаралық көрмесiне Оңтүстiк Қазақстан облысынан қырыққа тарта суретшi мен қолөнершi барады. Аян – солардың арасындағы ең жасы. Танымал қолөнершi, Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi Әшiрбек Желдiбаевтың ұлы. Ес бiлiп, қара танығаннан бастап әкесiнiң қасынан қалмай, зергерлiк өнердi зердесiне түйiп ержеттi. Шымкент қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта мектебiнiң қабырғасында жүргенде де қатарластарынан оза шапты. Алғашқы жұмысы... Түнi бойы көз iлмей отырып тәспi жасағаны бар. Әкесi ұлына өнердiң жолы қиын екенiн айта отырып, Ә.Қастеев атындағы Оңтүстiк Қазақстан өнер және дизайн колледжiне құжат тапсыруға кеңес бередi. Бүгiнде ол «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығы бойынша 3-курс студентi.
– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында мемлекетiмiздiң басқа елдерге мәдени жетiстiктерiмен танылуына назар аударып, нақты жобаларды қолға алу керектiгiн айтқан болатын. «...Ешкiмге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын iске асыруға тиiспiз» деген Елбасының сөзiнде терең мән жатыр. Бiздiң замандастарымыз бұл сөздiң түп-төркiнiн жақсы түсiнедi. Менiң де алдыма қойған арман-мақсаттарым ұлт Көшбасшысының сөздерiмен үндескендей. «ЭКСПО халықаралық көрмесi Елордада өтетiн болды» деген хабарды оқығаннан бастап, жүрек түкпiрiнде бiр ұшқын пайда болды. Мен де қатыссам, көрсем, қазақтың мәдениетiн, рухани дәстүрiн өзгелерге дәрiптесем, танытсам деген тiлегiм орындалғанда қатты қобалжыдым, – дейдi он сегiз жасар бозбала.
Ер жiгiттiң бес қаруының бiрi – кездiк. Кездiк жасау Аянның көптен берi ойында жүрген екен. Әкесi эскизiн сызып берген соң бiрден iске кiрiсiптi. Адамның жүрек түкпiрiнде адастырмайтын арманы мен мықты ерiк-жiгерi болса қандай қиындықты да жеңiп шығатыны белгiлi. Аянның өмiрде тағы бiр нәрсеге көзiнiң жеткенi – әкенiң балаға сыншылығы ер жiгiттiң адастырмайтын қазығы болатыны. Жәкесi баласы жасаған кездiктi қолына ұстап тұрып, тебiренгенiн көргенде жүрегiндегi мақтаныш сезiмiн жасырмайды. Аян Астанаға кездiк, жүзiк, тәспi, шақша, қыздарға арналған белдiк, шашбау секiлдi өз қолымен жасаған дүниелердi апармақ. Ол басқа облыстарға жиi сапарға шығады, алайда, бұл жолғы сапары ЭКСПО-ға байланысты болған соң ерекше толқулы.
– Астана ұсынып отырған «Болашақ энергиясының» асығы алшысынан түссе екен деймiн. Қазақта «бiр орнында тұрған су сасиды» деген сөз бар. Таудан құлап аққан су арна бұзады. Арна бұзбасақ та, кiшкентай туындыларымызбен ұлттық болмысымызды, руханиятымызды шетелге танытуға өз үлесiмiздi қоссақ деймiн. Ал, алған әсерiм мен түйген ойларымды көрмеден кейiн айтармын, – дейдi қолөнер шеберi.
Иә, кез келген жастың бойында патриоттық сезiм осылайша атойлап тұрса, мемлекетiмiздiң болашағы айқын болмақ. Ал, ЭКСПО-2017 көрмесiнiң тарих беттерiне қазақ халқының, Елбасының есiмдерi алтын әрiппен жазылатыны хақ.
Дерек көз: Оңтүстік Қазақстан газеті