21.06.2017 в 23:56

ЭКСПО көрмесі аясында өтетін дүниежүзiлiк конгресiнде биогазды тазалайтын қондырғы көпшілік назарына ұсынылмақ

Қазiргi таңда үй жағдайында тұрмыстық қалдықтардан биогаз өндiруге болатындығы баршамызға мәлiм. Дегенмен, оны көбiнде дұрыс пайдалана алмай, көк түтiнге тұншығатынымыз бар. М.Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң ғылыми зертхана меңгерушiсi, техника ғылымының кандидаты Әлiшер Хусанов арнайы тәжiрибе жасап, мұның себебiн анықтаған екен. Бұл туралы ол былай дейдi:

-- Биогаздың құрамында қажетсiз заттар болады. Дұрыс жанбайтыны содан. Шетелдерде мұндай «көгiлдiр отынды» тазалайтын қондырғылар өте қымбат тұрады. Әрi олардың биiктiгi 7-8, ал, диаметрi 2 метрге дейiн жетедi. Сондықтан мен биогазды қа-жетсiз заттардан тазалайтын құрылғыны ойлап таптым. Оның ұзындығы – 1 метр. Диаметрi 50-70 сантиметр болса, салмағы небәрi 5 келiнi құрайды, -- дейдi Әлiшер Ибадуллаұлы.

Бұл құрылғы күнделiктi тұрмыста қолдануға өте ыңғайлы. Өйткенi, елiмiзде биогаз өндiрiп, оны қажетiне жаратып отырғандар тым аз. Ал, Еуропа елдерiнде керiсiнше, тұрғындардың басым бөлiгi өздерi өндiрген «көгiлдiр отынды» тұтынады екен. Алдағы уақытта бiз де осындай жаңа технологияның көмегiмен биогазды кеңiнен пайдалануға мүмкiндiк алатын боламыз.

— Ол үшiн бiрiншi кезекте өндiрген биогазды екi құбырлы, iшiнде натрий гидроксид пен сүзгiсi бар қондырғыдан өткiземiз. Сонда одан көмiрқышқыл газ бен күкiрт, сутегi бөлiнiп шығып, газдың қуаты артады. Түзiлген натрий карбинат пен натрий сульфит, яғни тұздарды тыңайтқыш ретiнде егiстiкке пайдалануымызға болады. Осылайша, бiздiң әрқайсысымыз өз үйiмiзде қалдықсыз технология өндiрiсiн дамыта аламыз, -- дейдi ғалым.

Әлiшер Хусановтың бұл жобасы Астана қаласында ЭКСПО—2017 халықаралық көрмесiнiң аясында өтетiн (19-20 маусым күндерi аралығында) инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзiлiк конгресiнде көпшiлiк назарына ұсынылмақ. Жерлесiмiзге сәттiлiк тiлеймiз!

Ақпарат көзі: Оңтүстік Қазақстан газеті