Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Queen Mary University of London (Ұлыбритания) университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Кәсібилік пен жаңашылдық – оның басты қағидасы.
Өз ана тілімен қатар, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген азамат әрдайым өз-өзін жетілдіріп отырады. Шет тілдерін білу, халықпен етене жұмыс істеу – бүгінде мемлекеттік қызметкерге жүктелер басты міндет.
Мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында Рашид Абатоллаұлымен сұхбаттасқан едік.
– Таяуда Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Яғни, бүгінгі кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің санасы сергек болуы керек. Жастар қаншалықты мемлетшіл, қаншалықты Отанға адалдық танытып жүр?
– Әрине, мемлекеттік қызметкер үшін де рухани жаңғыру өте өзекті. Кез келген адам мемлекеттік қызметкерден саяси бағдарламалар туралы сұрауы мүмкін. «Неге үш тілде сөйлеуіміз керек? Неге латын тіліне көшіп жатырмыз?» деп кейбіреулер сұраса, оған жауап бере ала ма? Міне, мемлекеттік қызметкерге қояр талап та осы. Қызметкер мінберге шығып, жай баяндап ғана қоймауы керек. Мемлекеттің саясатын толық біліп, кез келген сұраққа жауап беретін деңгейде болса ғана, оның мәртебесі биік болмақ.
Бүгінде қала әкімдігінде 504 қызметкер болса, оның ішінде 20-ға жуығы ағылшын тілін біледі. Түрік, араб тілін меңгергенде де бар. Корей тілінде сөйлейтіндер де кездеседі. Жалпы, ағылшын тілін білуге басымдық беріліп отыр. Биыл біздің үш қызметкеріміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға аттанды. Дайындалып жүргендер де баршылық. Өз қаражаттарына оқып келген қызметкерлеріміз де бар.
– Өзіңіз шығыс жекпе-жек түрлерінің бірі – каратэ-до шотоканмен шұғылданасыз. Кентау қаласы біріншілігінің жеңімпазы, шахматтан облыс біріншілігінің жүлдегері атандыңыз. Жалпы, мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан тыс уақытта да өз-өзін дамытуға мән беруі керек қой...
– Рас айтасыз, қызметкердің санасы да, бойы да сергек болуы қажет. Бізде арнайы кесте түзілген. 2016 жылдың мамыр айынан бері әкімдіктегі барлық қызметкерлер, бөлімдер топқа бөлініп, спортпен айналысу керектігі жайында тапсырма бар. Аптасына бір рет спортпен шұғылданамыз. Олардың арасында футбол, күрестен жүлдегерлеріміз жетерлік. Ол – тек салауатты өмір салтын насихаттау ғана емес, ұжым арасында достықты, ынтымақты арттыруға зор мүмкіндік. Қазір өзім аптасына бір рет жүзуге барамын. Біздің қызметкерлеріміздің арасында спортшымен қатар, өнерпаз қыз-жігіттеріміз де көп. 23 маусым күні мерекеге орай жиын өтпек. Қызметкерлеріміз сол жиында өз өнерлерін көрсетуге дайындалып жүр.
– Лондонда білім алдыңыз. Ол жақтағы мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері жайында не айтасыз?
– Лондонда оқып жүргенде жергілікті әкімшілікте іс-тәжірибеден өткен едім. Жалпы, олар жоспарларын 50 немесе 100 жылға бағдарлайды. Біріншіден, онда қаланың экологиясы, ыңғайлылығы, адамдарды спортқа қызықтыруға мән беріледі. Қазір олардың 50 жылдық жоспары бар. Оған сәйкес, Лондон қаласының әрбір тұрғыны үшін үйі мен жұмысының арасында жүретін жолы 15 минуттан аспауы керек. Яғни, жаяу жүруді насихаттайды. Оның денсаулыққа, қала тіршілігіне қаншалықты пайдасы бар? Міне, осыған назар аударылады. Жоспарлары елеусіз болуы мүмкін. Бірақ, көздеген мақсаттары өте ауқымды. Мемлекетті дамуға бастайтын бірден-бір жобалар.
Мемлекеттік қызметкерлер туралы айтсақ, біріншіден, оларда әлеуметтік қолдау зор. Екіншіден, әкімнен басқа ешбір қызметкер халықпен жүзбе-жүз кездеспейді. Сұрағыңызды пошта арқылы жібересіз. Егер шешілмейтін сұрақ болса ғана шақырады. Яғни, тайм менеджмент өте дамыған. Уақыттарын үнемдейді. Олар жұмысын сол күні бітіріп кетеді.
– Мемлекеттік қызметтегі мансабыңызға 13 жылға жуықтапты. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Кейде қала көшелерінде велосипедпен жүргеніңізді көріп қаламыз. Қарапайым болу да басты қағидаңыз-ау...
– Қоғамдық көлікке мінбесеңіз, ондағы жағдайды білмейсіз. Велосипедке отырмасаңыз жолдың, жаяу жүрмесеңіз аяқ жолдың жағдайынан хабарыңыз болмайды. Міне, осының бәрінен құлағдар болу үшін халыққа жақын болуымыз керек. Мемлекеттік қызметкер әрбір қабылдаған шешімін, әрбір жұмысын өзінің жүрегінен өткізуі керек деп ойлаймын.
Өз-өзін дамыту жайын айттық. Қазір өзімді жетілдіру үшін кітап оқуға ден қойып жүрмін. Негізінен, экономикалық кітаптар. Бұл сала бұрыннан қызықтырса да, еш мүмкіндік болмай жүрді. Макроэкономика саласының ішінде менеджмент жағын білуді міндет етіп қойдым. Келесі жылы елімізде қаржылық орталық ашылайын деп жатыр. Мінекей, осы тұрғыда көбірек мағлұмат жинап, білуім – міндет. Ертең халыққа түсіндіре алуым керек қой.
Мемлекетке қызмет ету – абырой. Жалпы, өзім бала кезімнен мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді, елдің дамуына үлес қосуды мақсат еттім. Осы мақсат-мүдде жолында тер төгіп келемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Шымкент келбеті газеті
Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ