23.06.2017 в 23:37

Шымкенттің этносаябағы

Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Тарихи және мәдени-сауықтыру секілді екі бөліктен тұратын кешеннің құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Оның алғашқы бөлігінде «Этносаябақ», «Бәйдібек би» ескерткіші, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Ұлы жібек жолы» сәулеттік композициясы, даналар сөзі орналасқан. Ал, мәдени-сауықтыру бөлігінде «Жайлаукөл» саябағы, «Наурыз» алаңы, «Қазақ ауылы», ипподром, тарихи-өлкетану мұражайы, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бар. Әрқайсысы Қазақ халқы мен көне Шаһардың терең тарихынан сыр шертеді. Солардың бірі ашық аспан астындағы – «Этносаябақ».

– Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, шетелдік туристер де көптеп келеді. Әсіресе түнгі мезгілде. Өйткені, осы уақытта субұрқақтар қосылып, түрлі түсті жарықтар жанады. Оның үстіне ағаштар мен шөптерді кешкі уақытта суғарғандықтан, саябақтың іші өте салқын болады. Бақтың жап-жасыл түске еніп жатқаны жақсы ғой. Сонымен қатар, орылған шөптердің тез жиналуын, қоқыстың тасталмауын, адамдардың жасыл жерлерді аяқпен таптамауын, велосипедпен жүрмеуін жіті қадағалаймыз, – дейді этносаябақ әкімшісі Мәлік Асқаров.

Этносаябақта аттракциондар, түрлі әткеншектер жоқ. Өйткені, көпшілік мұнда қаладан алшақ кетіп, табиғат ананың құшағына енгендей әсер алуға келеді. У-шудан бір сәтке арылып, тамаша мекеннен күш-қуат алуды қалайды.

DSC 1767

Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов аталған тарихи кешеннің ашылу салтанатында: «Қазына» этнотарихи кешені шаһар келбетін айшықтайтын бірегей нысанға айналды. Бұл – бабалардан мирас болған ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету бағытындағы іргелі жобаның бірі», – деген болатын. Расында да, қазір бұл құндылықтарымыздың маңызы артпаса кеміген емес. Болашақта бұл Этнотарихи орындар тек Шымкенттің ғана емес, қазақ тарихын айшықтайтын дүниеге айналмақ.

Ақпарат көзі:Шымкент келбеті газеті

Суретті түсірген: Береке Сейітжаппар