Оңтүстікқазақстандық шаруа қоян өсіріп, кәсібін өркендетіп отыр. Мирабдумәжіт Мірхашімов шаруасын бастапқыда 10 қоянмен бастаса, қазір ұзынқұлақтың санын 3 мыңға жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Шағын және орта бизнесті дамытуды көздеген Мірхашімовтер әулеті қоян өсіруді 2015 жылы қолға алған. Екі жылда мол табысқа кенеліп отыр. «Алғашында қоян өсіруге тек хобби ретінде қараған. Әрі үйдегі кішкентай балаларыма ермек үшін асырадым. Кейін табыс кілті екеніне көз жеткіздім. Қоян етінің емдік қасиеті де бар. Соған қарай сұраныс та жоғары»,- дейді Мирабдумәжіт Мірхашімов. Жылына 3-4 мәрте төлдейтін ұзынқұлақтар әрқайсысы 6-дан 14-ке дейін көжек әкеледі. Қазір шаруа қоян етінің келісін 2 мың теңгеден сатуда. Қоянның етін айтпағанда, үлпілдеген жүнді терісінің өзіне сұраныс жоғары болып отыр екен.