Шымкентте мұнай сақтау қоймасындағы өртте қаза тапқан жұмысшының отбасына 1 млн теңге өтемақы беріледі. Бұл туралы «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ-ның заңгері Берік Серкінбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Заңгердің сөзінше өтемақы көлемі ұжымдық келісімшарт негізінде белгіленген. Оған сәйкес жұмысшы қызмет бабында қаза тапқан жағдайда осы сома көлемінде өтемақы беріледі. Марқұмның отбасы сондай-ақ өмірін сақтандыру бойынша да төлемақы алады. Әзірге оның сомасы нақтыланбапты. Компания басшылығы жұмысшыны жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды да өзі көтеріп отыр. Алдағы уақытта қаза тапқан 46 жастағы жұмысшының кәмелет жасына толған бір отбасы мүшесін жұмысқа қабылдамақ. Айта кетейік, марқұмның артында жұбайы мен 4 баласы қалды. Еске салайық, өткен демалыс күні «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ-ның қоймасынан өрт шығып, бір жұмысшы қаза тапқан еді. Марқұм болған 46 жастағы азамат осы қоймада оператор болып жұмыс істеген.