30.06.2017 в 20:05

ҒАЛЫМДАР МЕН КӘСIПКЕРЛЕР «ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯНЫ» БIРЛЕСIП ДАМЫТПАҚ

Облысымызда өнертапқыштар көп. Бiрақ көп жағдайда ғалымдарымыздың жобалары жүзеге аспай қалып жүр. Немқұрайдылығымыз ба, әлде жалқаулығымыз ба, түсiнiксiз. Әйтеуiр, шетелдiң қаңсығын таңсық көретiн қалталы азаматтар өз ғалымдарымыздың қабiлетiн бағалай бермейдi. Ал, Астанада өтiп жатқан ЭКСПО–2017 көрмесiнiң негiзгi мақсаттарының бiрi – ғылымды дамытып, баламалы энергия көздерiн қолданысқа енгiзу. Бұл бағытта облысымызда қандай жұмыстар атқарылуда?

Жуырда Шымкенттегi кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Жасыл энергия – тарих жеңiсi» атты жиын өттi. «Нұр Отан» партиясының Еңбекшi аудандық филиалы мен «ONTUSTIK» кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы бiрлесiп ұйымдастырған басқосуда баламалы энергия көздерiн дамыту мәселесi сөз болды. «Шымкент» әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясы» АҚ-ның өкiлi Д.Бұхарбаев облыс тұрғындары тұтынатын электр энергиясының 70 пайызы өзге өңiрлерден тасымалданатынын жеткiздi.

– Сондықтан бiз жел, су және күн электр стансаларын көптеп салуымыз керек. Қазiр бiздiң өңiрде осы жобалар бойынша жұмыстар қолға алына бастады. Баламалы энергия көздерiнен электр қуатын өндiремiн дейтiн кәсiпкерлерге мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалады. Жер берiледi. Сондай-ақ, сол кәсiпкер өндiрген энергияны мемлекет сатып алады, – дедi ол.

Ал, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң ғылыми iстерi жөнiндегi проректоры, техника ғылымдарының докторы, ҰҒА мүшесi М.Сатаев Елбасы Жолдауында «жасыл энергетикалық» технологияларды дамыту мiндетi жүктелгенiн айтты.

– Астанада өтiп жатқан ЭКСПО – 2017 көрмесi ғылымға серпiлiс бередi. Бiздiң оқу орнының ұстаздары мен жас ғалымдары осы көрме аясында өткен халықаралық инженерлiк конгреске қатысып, ғылыми жобаларын ұсынды. Әлемнiң отыздан астам елiнен келген ғалымдар мен Нобель сыйлығының иегерлерi бiздiң жобаларға қызығушылық танытты. Әсiресе, күн сәулесiн энергияға айналдыру жөнiндегi жобамыз жұртшылыққа ұнады. Биогаз алу бастамасы да қолдау тапты. Қазiр М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы ғылыми жобаларды коммерцияландыру бағытында жұмыстар атқаруда. Нәтижесiнде Шымкент қаласы маңындағы индустриялық аймақтан арнайы жер телiмiн алып, жобаларды өндiрiске айналдыруды бастап кеттiк. Бүгiнде ғылыми жобаларға шетелдерден және өз елiмiзден түрлi гранттар бөлiнiп жатыр. Ал, оны алу үшiн ғалымдар мен кәсiпкерлер бiрiгуi тиiс, – дедi М.Сатаев.

Интерактивтi лекция-жиында ғалымдар мен кәсiпкерлер ғылыми жобаларды бiрлесiп жүзеге асыру жөнiнде уағдаласты. «Нұр Отан» партиясының Еңбекшi аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Б.Садықов ғалымдар мен бизнес өкiлдерi арасында жетекшi партияның алтын көпiр болуға дайын екенiн мәлiмдеді.

Ақпарат көзі:«Оңтүстiк Қазақстан» газеті.