Шымкент аумағында астық жинау науқаны қызды. Шаһар шаруалары биыл бітік шыққан егіс алқабының гектар түсімін 15,5 центнерге жеткізуді көздеп отыр. Егін орағы тек ауылдық жерлерде ғана емес, қала аумағында да қызу қарқын алған. Биыл шымқаламызда дәнді дақылдар егілген егіс көлемі 16 мың 200 гектарға жетіп отыр. Бұл қала үшін тәп-тәуір жетістік. Бұл туралы shymkenttv.kz сайты жазады.
Қамбаның дәнге толуы ауа райының қолайлы болуымен байланысты. Қала аумағында дәнді дақыл егуді елуден астам агроқұрылым қолға алған. Мұнда егін еккен диқандарға қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек те аз емес.
"Былтырмен салыстырғанда биылғы астық жиналымы жақсы. Өткен жылы 14,5 центнерден өнім алсақ биыл 15,5 центнерден өнім аламыз деп болжап отырмыз. Ауа райы қолайлы болды. Соңғы 20 күннің ішінде 2 апта көлемінде күн қатты ысыды.Кейбір алқаптарда бидай ерте пісті.Ол жерде сәл салмағы жоғалды.Бірақ түпкілікті өнім жақсы",-дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай.
Айта кету керек, шымқала шаруаларының өсірген өнімін шашпай-төкпей жинап алуына «Аманкелді» корпорациясының көмегі көп. Олар төрт шаруашылықтың басын біріктіре отырып, шаруалардың егінін егіп, әрі астығын жинап беруге келіскен. Қолында ауыл шаруашылығы техникалары жоқ шаруалар үшін бұл тиімді болып отыр.
"Қамбаға өнімді төпей-шашпай жинап алсақ па дейміз. Қала бойынша бірнеше кооперативтерді біріктіріп, егіс егіп, қала бойынша 3 мыңдай гектар бидай егіп жинап, жатырмыз. Үкіметтен жеңілдетілген бағамен тыңайтқыш,солярка алдық. Науқан аяғына дейін 5-6 мың тонна асық жинаймыз деген ойымыз бар", -деп атап өтті «Аманкелді» корпорациясының ауыл шаруашылығы бойынша басқарушысы Дильшад Сидиков.