Шымкентте өндіріс, өнеркәсіптен бөлек, ауыл шаруашылығы да дамыған. Бұл іс қала аумағына қосылған 40 елдімекеннің есебінен ілгері басып отыр. Биыл шаһардағы егістік алқап 31 мың 900 гектарға жетті.
Қала аумағында суармалы жер көлемі 9 мың 500 гектарға жетіп отыр. Соған сай өндірілетін көкөніс көлемі едәуір артты. Биыл шаһар шаруалары 3 мың 100 гектар жерге бақша, көкөніс дақылдарын екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Қала әуежайы маңындағы Ынтымақ, Жиделі елдімекенінде үш өндірістік кооператив көптен бері диқаншылықпен айналысып келеді. Соның бірі «Ынтымақ» өндірістік кооперативі биыл ел ырысын еселеп отыр. Қарауындағы 273 гектар егістік алқаптан жоғары сапалы көкөніс және бақша өнімдеріне қол жеткізді.
Биыл шымқалада егін бітік шықты. Өйткені, мұнда ағын су мол. Сондай-ақ, көкөніс дақылдарын күтіп-баптау жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Шаруалар мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен тыңайтқыштар алды. Оған қоса, субсидияға, төмен пайыздық несиеге қол жеткізді. Соған сай диқан еңбегі де елеулі болды.