26.07.2017 в 19:28

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжіліс жиынында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

 Жиында баяндама жасаған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 7 мектеп және 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге бағытталған. Салынып жатқан 6 мектеп ғимараты биыл жыл соңына дейін, ал 558 пәтерлі 11 тұрғын үй ғимараты алдағы қыркүйек айына дейін пайдалануға тапсырылмақ.

Сала басшысы бағдарлама аясында несиелі қайтарма негізінде 4 жоба бойынша кәріз жүйелері салынып жатқанын жеткізді. «Самал», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс» және «Қайтпас-1» шағынаудандарындағы 19 көшеге кәріз жүйелері салынып, нәтижесінде, 15 695 абонент қажеттілікпен қамтылмақ. Тиісінше, қала аумағын кәріз жүйесімен қамту жұмыстары 42-ден 49,1 пайызға ұлғайту мүмкіндігі туындамақ.

Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 371 тұрғын үйдің құрылысы үшін республикалық бюджеттен 7,8 миллиард теңге бағытталған. Оның 85-і биыл пайдалануға беріледі.