07.08.2017 в 17:05

Облыс әкімі Шымкенттегі бірқатар құрылыс нысанды аралады

Шымкент қаласының маңынан өндіріс орындарын көптеп ашу қажет. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтып, шаһардағы сабылысты азайтуға сеп болады. Сондай-ақ қалада көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын  жүргізіп, газбен қамтамасыз ету мәселесіне мән берілуі тиіс.  Бұл туралы Шымкенттегі бірнеше әлеуметтік нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс  әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Қала аралау барысында облыс әкімі Байтұрсынов көшесіндегі жылу магистральды  құбырларын алмастыру барысын да көріп шықты.  Мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында Байтұрсынов-Сапарбаев-Рысқұлов көшелеріндегі магистралды жылу құбыры ауыстырылуда.  Бұл мақсатта 888,4 миллион теңге бөлінген.  Мердігер - "Сити-строй" ЖШС.  Жөнделетін учаскенің жалпы ұзындығы - 5,2 шақырым. Қазіргі таңда жұмыс 4 шақырымнан астам жерде жүргізілген. Әбден тозығы жетіп, шіріген құбырлар қапталған жаңа құбырға ауыстырылуда. Олар тат баспайды және жарық пен тесік пайда болған жағдайда хабар беретін құралмен жабдықталған.

Облыс орталығындағы негізгі мәселелердің бірі баспана. Сондықтан қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын көптеп жүргізуіміз қажет. Екінші мәселе – газбен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қаланың 70 пайызын жеке әрі жер үйлер орналасқандықтан олардың инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету  аса көп шығынды талап етіп отыр, - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс басшысы әкімшілік іскерлік орталығындағы құрылысымен де танысып шығып коммуналдық арендалық тұрғын үйлер мен 1200 орындық мектептің, атқарылған шаруаларға оң бағасын берді.

Мұнан соң облыс басшысы Астана даңғылының құрылысы жүріп жатқан аумаққа келді. Мұндағы құрылыстың бірінші тармағы биыл аяқталады. Яғни, Астана даңғылы Арғынбеков көшесіне қосылуы тиіс. Ал келесі жылы құрылыстың екінші кезеңі жүзеге асырылады: Ол кезде Астана даңғылы Өтегенов көшесіне дейін созылады.