Оңтүстік Қазақстан облысын еліміздің рухани ордасы ғана емес, туризмнің отаны деуге болады. Өңірдің тұмса табиғаты мен тарихи орындары жаһанды аралаған кез келген жиһанкездің қазақ жеріне қадам басуына мүмкіндік береді. Шымкентте «ЭтноАртФест» деп аталатын фестиваль өтіп жатыр,-деп жазады khabar.kz сайты. Оған қатысушылар «Сайрам-Өгем» ұлттық саябағына саяхат жасап, шыңынан қар кетпейтін Алатау сілемдерін аралап жүр. Жуырда облыстағы киелі жерлер картасы жасалған. Оған 100-ден астам тарихи мекен және табиғаты әсем жерлер енгізілді.
«ЭтноАртФест» шарасына қатысушылар алдымен Шымкенттегі киелі орындарға аялдап, бабалар рухына тағзым етті. Сайрамда Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенесіне барды.
«Негізінде бұл жердің энергиясы басқаша, яғни рухани орталыққа келгеніңді сезесің. Туристерді таңғалдыратын өте көп орын бар. Себебі Оңтүстік Қазақстан облысы деген кезде ойға бірінші Түркістан келеді. Ал Шымкент рухани орталық ретінде адамдардың ойында қалыптасқан. Біз таудың да әсем табиғаты бар екенін көрсетеміз»,-деді Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы» РҚБ өкілі Тоғжан Дәуітбаева.
Саяхат «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жалғасты. Жастар тау бөктеріне шатыр тігіп, табиғаты әсем жердің саф ауасымен тыныстады. Экстремалды сапардың ең бір қауіпті де қызықты тұсы әлі алда. Саяхат тау өзеніне апаратын 2 мың 200 метр биіктіктегі Кергелі шатқалына қарай жалғасады. Жастар «Бабалар алаңы» деп аталатын ашық аспан астындағы мұражайда жартастарға салынған суреттерді тамашалайды. Сазан ата шатқалынан ары өтіп, облыстың ең биік жеріне жетеді. Онда төңіректің тамаша көрінісі түгел көрінеді.