18.08.2017 в 23:19

Шымкентте 14582 оқушы электронды түрде мектепке қабылданды

Биыл Шымкент қаласының мектептеріне балаларды қабылдау электронды түрде жүргізілуде. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу.

Ата-аналар ашық портал арқылы мектептердің білім сапасы мен материалдық базасы туралы мәліметтерді көріп, өзінің таңдауына орай қалаған мектебіне электронды түрде өтінішін тіркейді. Таңдау мүмкіндігін беретін жүйенің көмегімен оқушы мектепке интернет желісі арқылы қабылданады.

2017-2018 оқу жылына электронды жүйе бойынша 1 сыныпқа 21 000-ға жуық оқушы қабылданады деп жоспарланса, әзірге олардың саны 14 582-ге жетті. Жүйе ашық әрі әділдігімен тиімді. Сонымен қатар, білім саласы мамандарын қағазбастылықтан құтқарып, бірқатар жұмысты жеңілдетуде.

Сондай-ақ, қаладағы 385 балабақшада 53 213 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Биыл 9 611  бала балабақшаға берілетін жолдаманы электронды жүйе арқылы алды. Енді балабақшаларға жолдама алу үшін әр тоқсан сайын өтетін комиссия отырысын күтпейді. Босаған орынға күнделікті автоматты түрде бала қабылданады.