18.08.2017 в 23:35

Шымкентте жыл басынан бері 71 көше орташа жөндеуден өтті

«Жол жақсарса, ел жақсарады» дейді бұрынғылар. Бұл ретте қала әкімдігі тарапынан қаладағы шағынаудан көшелерін жөндеуге ерекше көңіл бөлінуде. Шаһар басшысы биылғы халыққа есеп беру кездесуінде былтыр қала көшелерінде аяқжол салуға 1 млрд теңге жұмсалғанын айтқан болатын. Шын мәнінде, бұған дейін мұндай қомақты қолдау болған емес.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл да бұл жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 14 шақырым 11 көшеде аяқжол құрылысы салынбақ. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметіне көз салсақ, бүгінде Шымкентте Айдарқұл («Жаңаталап» тұрғын алабы), 8 наурыз («Қарасу» шағынауданы), Бабашұлы («Таскен» шағынауданы), Құртаев («Қызылжар» шағынауданы), Игілік («Самал 3» шағынауданы), Шымқорған («Шаңырақ» тұрғын алабы), Сәтбаев («Тұрлан» шағынауданы), Бекболатов көшесінде («Құрсай» шағынауданы), «Қайнарбұлақ» саяжайында аяқжолдар салынып жатыр.

Жол мәселесінде қаламыздағы Алматы бағытындағы айналма жол мен «Бекжан» базары маңындағы жолайырығын да айта кеткен жөн. Бұл тасжолдар таяу болашақта облыс орталығындағы көлік нөпірін азайтуға септігін тигізбек. Айта кетейік, биылғы жоспар бойынша Астана даңғылындағы құрылыстың бірінші тармағы аяқталады. Яғни, Астана даңғылы Арғынбеков көшесіне дейін жетеді. Ал келесі жылы құрылыстың екінші кезеңі жүзеге асырылады. Астана даңғылы Өтегенов көшесіне дейін созылады.