19.08.2017 в 20:08

ОҚО-да алдағы бес жылда тамақ өнеркәсібі дамымақ

Оңтүстік Қазақстан облысында алдағы бес жылда тамақ өнеркәсібі дамиды. Өйткені өндіріске қажетті шикізаттың барлығы жергілікті жерде өндірілетін болады. Оны терең өңдеу үшін қала, аудандарда ерекшелігіне қарай арнайы 11 индустриялды аймақ құрылды. Кәсіпкерлерге бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылып жер тегін беріледі. Түркістанда шұбат пен жиһаз, Отырарда жүгері, Шардарада балық, Қазығұртта тамақ өнеркәсібі, Түлкібаста алма кластері жүйеленді. Ал,ақ мақта толық циклда өңделіп жатыр. Бұл туралы 24.kz сайты жазады.

«Облыстағы осы 11 индустриялды аймаққа қажетті инфрақұрылым тарту үшін 13 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бір ғана мысал 2010 жылдың бірінші тоқсанында осы аймақтарға салынған кәсіпорындар 6,8 миллиард теңге салық төлеген. Біз қаржының 50 пайызын қайтарып үлгердік. Оған қоса жұмыс берушілердің төлеп отырған айлық-жалақысы бар,көлік және ғимарат салығы осының бәрі кіріс көзі», - деді Индустриялды аймақтарды басқарушы компания басшысының орынбасары Нұркен Бегулиев.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылында іске қосылған өндіріс орындарында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 176 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы аумағы 959 гектар жерді алып жатқан аймақтарда 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады деп күтілуде.