24.08.2017 в 11:27

Өңір басшысы жолдастық кездесуде футбол ойнады

Бүгін Талдықорғандағы «Жетісу» орталық стадионында Спорт күні аясында «Жетісу» футбол орталығының тәрбиеленушілері мен футбол клубының негізгі құрамы арасында жолдастық кездесу өтті. Жас өспірім футболшылар командасы құрамында облыс әкімі Амандық Баталов ойнады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Облыс әкімі ойын алдында «Жетісу» кәсіби футбол клубының күрделі жөндеуден өткен жатақханасында болып, құрылыс жұмысының сапасын тексерді.

Осыдан кейін өңір басшысы А. Баталов салтанатты шараға қатысушыларды Спорт күнімен құттықтап, облысымызда спорттың дамуы жайына аз-кем тоқталып өтті.

  • Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық спортты дамыту туралы сөз қозғағанда, балалар спортына үлкен көңіл бөлу қажеттігін үнемі ерекше атап өтеді. Осы бағытта мемлекеттік қолдаудың арқасында нәтижелі істер атқарылуда. Жас спротшылардың сүйікті спорт түрімен толыққанды айналысуына жан-жақты жағдай жасалуда. Соның ішінде футболға да зор көңіл бөлінуде. Әлем бойынша миллиондаған адамдардың сүйікті ойыны саналатын футболмен біздің облысымызда 111 мың адамның айналысатындығы қуантады. Солардың ішінде өздеріңіз сияқты әуесқой жас спортшыларымыз да бар. Сіздердің араларыңыздан болашақта жоғары санатты кәсіби футболшылардың шығатындығына сенімдімін. Баршаңызды спорт күнімен тағы бір мәрте құттықтай отырып, сіздерге жоғары спорттық нәтижелер мен жетістіктер тілеймін. Спортпен шұғылданып, салуатты өмір салтын ұстаныңыздар!, - деді А. Баталов.

Құттықтау сөзінен кейін өңір басшысы балаларға 200 футбол добын табыстады.

«Жетісу» футбол орталығының жас тәрбиеленушілерінің атынан Бағдәулет Әмірсенов сөз сөйлеп, балалардың сүйікті ісімен айналысуына қажетті мүмкіндіктердің жасалып жатқандығы үшін өңір басшысына алғысын білдіріп, 7 нөмірлі футбол формасын сыйлады.

Осыдан кейін көптен күткен жолдастық кездесудің басталғандығы туралы төрешінің ысқырығы естілді. Тартысқа толы өткен ойын көрермендерге де, ойыншылардың өздеріне де ұнады. Ойын өткір шабуылдарға толы болды. Жас футболшылар футбол орталығында осы күнге дейін алған білімдерін іс жүзінде көрсете білді. Ойын футбол орталығы тәрбиеленушілерінің пайдасына 4:1 есебімен аяқталды.

Естеріңізге салар болсақ, Облысымызда бүгінде 22 стадион мен 870 астам футбол алаңдары спорт сүйер азаматтардың игілігіне қызмет етуде.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі