27.08.2017 в 00:30

Шымкент тұрғыны циркке арыстанның күшігін сыйға тартты

Шымкенттің циркі тағы бір жыртқыш аңмен толықты. Қала тұрғыны Фаат Мансуров мекеме ұжымына африкалық арыстанның күшігі - абданды сыйға тартты. Он айлық абдан Симба қожайынына Ресейден жеткен. Әкесіне оны ұлы сыйлапты. Жарты жыл кішкентай арыстанды үйінде асырап келген Фаат Ядикарович жыртқыш баласын күнделікті балғын ет, сүт сынды қажетті азықпен асырап келген. Жаңадан әкелінген арыстанның күшігі ұжымға ерекше қуаныш сыйлады. Цирктің үйретушілері Симбаны болашақта түрлі әдіс-тәсілдерге баулып, халыққа өнер көрсететін аңға айналдыруды көздеуде. Бүгінге дейін олар үш арыстанды баптаса, сыйланған арыстан баласы төртінші болып қосылып отыр.  Айта кету керек, 2011 жылдан бері күнгейлік жұртшылыққа қызмет етіп келе жатқан «Оңтүстік Циркте» түрлі өнердің майталмандары бас қосқан. Онда бүгінде мәдениет қызметкерлерінен бөлек, алты жылқы, үш пони, үш арыстан, екі аю және екі күшік үйретіліп, жаттықтырылуда.