29.08.2017 в 21:15

Шымкент әкімі депутаттарға есеп берді

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халық қалаулылары алдында 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы жұмысы туралы есеп берді.

2016 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда қалада көптеген сала бойынша өсім байқалады. Мысалы, өндіріс 1 пайызға, ауыл шаруашылығын өндіру – 9,6%, құрылыс – 14%, инвестиция көлемі – 1,7%, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 11,3%, бөлшек сауда көлемі 3,4%-ға көбейген. Былтырмен салыстырғанда халық саны да 3,7%-ға артып отыр. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша Шымкентте 932 мың адам тіркелген.

Айта кету керек, шаһардағы барлық жұмыс депутаттар осыдан 5 жыл бұрын қабылдаған Шымкенттің даму концепциясына сәйкес атқарылады.

Көлік

Көлік саласында да тындырымды жұмыс бар. Мысалы, 8 шағынаудандағы магистралды көшені қайта қалпына келтіру, 6 шағынаудандар 21 көше салу, 3 шағынауданда 12 көшені қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді. 20 шағынаудандағы 110 көше толық жөнделіп, 91 көше орташа дәрежеде жөнделуде. 12 аяқжол төселіп, 17 қиылысқа бағдаршамдар орнатылуда. Ірі 5 жолайырығын салу жоспарлануда. Оның алғашқысы – Темірлан тас жолындағы құрылыс басталып та кетті. Шалғай елдімекен тұрғындарын тасымалдау үшін 10 әлеуметтік бағыт анықталған.

 Баспана

Қазіргі таңда қалада тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесі кезегінде – 116 мыңнан астам, ал баспана кезегінде 31 мың адам тұр. Әкімшілік-іскерлік орталық және «Тұран» шағынауданында көпқабатты үйлер бой көтеруде. 2017 жыдың 7 айында 185,2 мың шаршы метр баспана салынды, бұл – 2016 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 11,3%-ға көп. Биыл 1314 пәтерлі 19 коммуналды үйді, несиелік 11 үйді (558 пәтер), ұлттық компаниялар салған 43 үйді (2711 пәтер), коммерциялы 65 үйді (524 пәтер), компаниялар салған 6 үйді (272 пәтер) ел игілігіне беру жоспарлануда. «Шымкент-СИТИ» қалашығындағы құрылыс та жалғасуда. Қазіргі таңда мұнда инженерлі және жол инфрақұрылымы тартылып, алғашқы көпқабатты үйлер салынуда. Бұған қоса шаһарда үйлерді жаңарту (21 үй) және сейсмо-нығайту (7 үй) жұмыстары жалғасуда. Көпқабатты 31 үйдің қасбеті жаңартылды. Қошқар ата өзені маңындағы 420 ескі үйдің орнына көпқабатты 61 үй (3679) пәтер) салу жоспарланған.

 Қауіпсіздік

Қаладағы қауіпсіздік мәселесі біршама жақсарды. Атқарылған жұмыстар нәтижесіндегі Шымкенттегі криминогенді жағдай 17,1 пайызға төмендеп, жол апаты саны 152-ге кеміді.

 Білім беру

Биыл 17 мектеп құрылысына қаржы бөлу жоспарланған. 1 қыркүйекке дейін жалпы саны 4800 орынды 5 жаңа мектеп пайдалануға тапсырылады: «Сәуле», «Достық», «Жаңаталап», «Қайнарбұлақ», «Ақжайық» шағынаудандары. Бұған қоса №27, 34 және 97 мектептерге қосымша ғимарат салынды. Қалған 9 мектептің құрылысы 2018 жылы аяқталады. №27, 39 және 100 мектептер толық жөнделді. Қазіргі таңда қалада 51 мың 5 сәби балабақшаларға барады. Бұл саладағы қамту 82,8%-ды құрап отыр. Мемлекеттік тапсырысты тағы 3500 орынға көбейту мәселесі шешілуде.

Мәдениет

Қаладағы бүкіләлемдік ЮНЕСКО қорын байыта алатын 2 бірегей нысан бар. Қазір Сайрам және Шымкент көне қалашықтарын ұсыну бойынша қажет құжат әзірленуде. Бұған қоса ескі қалашықтың орнынан ашық аспан астындағы музей жасаудың жобалық-сметалық құжаты жасалуда.

Жұмыспен қамту

Еңбекпен қамту саласында жұмыспен қамту орталығының мобильді қосымшасы жасалған. Оның көмегімен кез келген азамат осы орталыққа келмей-ақ бос орындар туралы біле алады. "Өрлеу" бағдарламасы бойынша да жұмыс жалғасуда.

Мәжілісте қала әкімінің жұмысын оң бағалаған халық қалаулылары қаланың дамуы және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында пікір алмасты. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардың дамуына Елбасының ерекше назар аударып отырғанын айта келе, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, әкім алға қойған маңызды міндеттер орындалып жатқанын және осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын жеткізді.