Тірлігі бір-бірімен сабақтасып жатқан ауылдағы шағын бизнестің бірі - Түркістандағы «Яссы нан» ЖШС-ін айтуға болады.
Бүгінде кәсіпкер ешқандай мемлекеттің қолдауынсыз өз кәсібін дөңгелетіп жергілікті 140 азаматты жұмыспен тұрақты қамтып отыр. Өткен жылы 288 млн. теңгеге жуық табыс тапқан кәсіпорын нан, кондитерлік өнімдер мен шұжық өнімдерін өндіріп шығарады. Тәулігіне 10-12 тонна ұн өнімін өндіретін наубайханада сапалы әрі таңдаулы нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі. Мұнда күндігіне 30 мың нан пісіріліп, қаладағы сауда орындарға таратылады.
Салмағы 550 грамм болатын нанның бағасы 60 теңге. Нан – әрқашан да тұтынушылар сұранысына ие болатын өнім болғандықтан наубайхана демалыссыз жұмыс істейді. Мәселен, мұнда еңбек ететін 120 адам өткен жылы 10 миллионнан астам сапалы өнім шығарып, түркістандықтардың алғысын алған.
Ал серіктестіктің екінші бөлімі жоғары сапалы, пішіні мен дәмі тұтынушының көңілінен шығатын кондитерлік цех. Мұнда үш түрлі өнімнің 100 ассортименті пісіріліп шығады. Түркияның автоматтандырылған заманауи желісын қолданып отырған цехта 10 азамат жұмыс атқарады.
Тәттілерге қосылатын қоспалар Ресей, Түркия мемлекеттерінен арнайы алып келінеді. Өнімнің бағасы қол жетімді. Сонымен қатар, тәулігіне 10-15 бас мал сойылатын зауытта шұжықтың 8 түрі жасалады. Яғни, мұнда айына 30 тонна жылына 300 тоннадан астам дайын өнім шығарылады. Шұжыққа қосылатын арнайы қоспалар Түркия мен Австриядан әкелінеді. Мұнда да он адам еңбек етеді.