10.09.2017 в 00:26

«Рауан» ЖШС-гі жылына 50 млн. дана сусындар шығарады

Ел нарығында минералды су мен шырын шығарумен танылған «Рауан» ЖШС-гі жылына 50 млн. дана дайын  өнiм шығарады. Бүгінде компания «ТОY», «UNO Vitamin» секiлдi шырындар мен ыстықта шөл басатын «Fruit life», «Тархун», «Буратино», «Лимонад», «Экзотик», «Дюшес» секiлдi сусындардың 50-ден астам түрін шығарады.

«Рауан» ЖШС-нiң Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша сусындар мен су шығаратын үш зауыты бар. Мұнда әлемнiң әйгiлi маркаларының құрал-жабдықтары орнатылған. Жоғары технологияны қолдана отырып шығарылатын өнiмдер әлемдiк өндiрiстiк стандарттарға сәйкес келедi.

Компания бүгiнде сусынды тұтынушылардың жас ерекшелiктерiне қарай шығаруға көшкен. Сусынның балаларға, жастарға, орта жастағыларға және егде адамдарға арналған түрлерi бар. Бұл – олардың ойлап тапқан жаңалығы емес, тұтынушылардың сұранысы.

«Рауан» ЖШС-нiң өнiмдерi ISO 9001:2009 халықаралық сапа стандарты бойынша сертификаттаудан өткен. Сондай-ақ, компанияның өнiмдерiне «ХАЛАЛ» сертификаты берiлген. «Рауан» зауыты «ТОY» шырыны мен «UNO Vitamin» құрамында шырыны бар сусынның бiрнеше түрiнен бөлек, «Aquatica» ас суы, «Сарыағаш» минералды суы және газдалған-газдалмаған «Суэль» суын шығарып отыр. «Fruit life» маркалы сусынның 13 түрi, «Joy», «Bonjus», «Дюшес», «Лимон» және «Апельсин» секiлдi сусындар да «Рауан» зауытының өнiмдерi.

«Рауан» ЖШС компаниялар тобы 1998 жылы құрылып, Қазақстан нарығында 18 жылдан астам уақыттан берi еңбек етiп келедi. Мұнан бөлек, компанияның балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу бағытына машықтанған «АгроНурАзия» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi мен айына 2 млн. дана кiрпiш шығаруға қауқарлы «Рауан-7» ЖШС зауыты бар.