10.09.2017 в 23:43

 ОҚО-ның өсімдік майы Иран елінің нарығына шықпақ

Сайрам ауданыда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы іске қосылған өсімдік майын өндіретін цех бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Қарамұрт ауылында жеке кәсіпкер Иптихар Кочкаровтың  бұл жобасының құны 350 млн. теңгені құрайды.  Қазіргі таңда өндірісте күнбағыс, мақсары майлары «Алтын май» маркалы атауын қолданып келеді. Бұл шикізаттар Мақтаарал ауданы мен Өскеменнен жеткізіледі. Сондай-ақ, дайын өнімді өткізу жағы да шешімін тапқан. Олар облыс аудандары мен Шымкент қаласының супермаркеттеріне сатылуда. Ауданнан өндірілген өсімдік майы Қырғызстан Республикасына да жіберілуде. Сонымен бірге, қазіргі кезде Иран Республикасына дайын өнімді жіберу жұмыстары жүргізілуде. Ал қүнбағыс, мақсары майларының құрамына келсек, 100% тазартылған, иіссіздендірілген болып келеді.

Жалпы ауданда «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында өткен жылы құны 5 млрд. теңге болатын 17 жоба қолдау тапқан.

Кәсіпорындардың ауданда көптеп ашылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға зор үлес қосуда. Яғни, жоғарыда көрсетілген өсімдік майы шикізатын өндіретін кәсіпорын жергілікті 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер сыйымдылығы 10 мың тонналық қойма құрылысын іске қосқан.