12.09.2017 в 21:36

ЭКСПО көрмесінде жастар ақысыз түде жұмыс жасады

«ЭКСПО» халықаралық көрмесі Қазақстанды төрткүл дүниеге жаңа қырынан танытты. Ел мерейін өсірді. Жаһандағы озық технологиялар таныстырылған тарихи шараға оңтүстіктің 150 жасы еріктілер ретінде тартылды. Алтын уақыттарын әлем назарын аударған ауқымды шара шарапаты үшін жұмсап, ақысыз еңбек етті. Олар Елорданың соңғы жылдары тіпті құлпырып кеткенін, айтады. Сол мақтаныш сезімімен бөлісу үшін белсенді топ өкілдері біздің арнаға арнайы келді.

Ботакөз Ізтілеу ЭКСПО-ға түстіктің еріктілер тобын бастап барды. 40 күн бойы көрмеге келген қонақтарға қалтқысыз, тік тұрып, қызмет көрсетті. Туристерге жылы қабақ танытып, қазақ халқының қонақжайлылығын паш етті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан бұрымдының бойында мақтаныш сезімі басым.

Қазақстан - дәстүрлі энергетика көздеріне бай мемлекет. Әйтсе де, батыл қадам жасап, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында көрме өткізді. Үш айға созылған шара сәтті аяқталды. Көрме тек Қазақстан «дауысын» әлемге тарататын алаңға айналған жоқ.  Сондай-ақ,  әлем елдері тың идеяларын ортаға салатын маңызды орта қалыптастырды.

Халықаралық қазылар алқасы ең үздік павильондарды анықтады. Марапаттар екі номинация бойынша павильондардың аумағына қарай табыс етілді. Сонымен, көрменің дизайны санаты бойынша алтын – Кариб қоғамдастығы плазасына, Польша, Катар мен Ресейге бұйырды. Ал, көрме тақырыбының ашылуы аталымы бойынша Тәжікстан, Финляндия, Швейцария мен Германия топ жарды. Ал «Нұр әлем» павильоны келушілер ең көп тіркелген алып нысан екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Ашылған сәттен бері онда бірқатар елдің президенттері мен Үкімет басшылары бас сұқты. Соңғы мәліметтер бойынша, күн сайынғы келушілер саны 28 мыңға жуықтады. Жалпы шараға 4 млн-ға жуық адам келген.

Ақпарат көзі: shymkenttv.kz