«ЭКСПО» еліміздің ғылым-білімдегі жетістігін ғана паш еткен жоқ. Ол әлеумет әлеуетін, мәдениеті мен өркениетін де шетке таныс етті. Айшықты көрмені тамашалаушылар қатарында сарыағаштық студент Тимур Әбдірайымов та бар. Халықаралық көрме балаң жігіттің есінде ұзақ сақталатындай. Өйткені, Тимур Астана-ЭКСПО-дағы Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында 600 домбырашының бірі болып, Құрманғазының «Балбырауынын» орындады. Бұл туралы shymkenttv.kz сайты жазады.
Жас дарын Тимур Әбдірайымов Сарыағаштағы «Арыстанбаб» колледжінде медицина саласы бойынша білім алады. Домбыраға жастайын әуестігі бар жігіттің бағы жанып, делегация құрамына еніпті. «Халықаралық көрме аясында үлкен сахнадан өнер көрсетуім - мен үшін үлкен мәртебе», - дейді күйші жігіт.
Кейін білгеніміздей, аталмыш колледжден оркестр құрамына жалғыз Тимур емес, одан өзге тағы да тоғыз домбырашы алынған. Бұл – орта білім ордасы үшін үлкен жетістік, жүйелі жұмыстың нышаны.
Жалпы, бұл колледжде негізінен орта буын дәрігер мамандары дайындалғанымен, студенттер арасында өнер сайыстары да жиі өтеді. Шығармашылыққа еркіндік бар. Колледж басшылығы алдағы уақытта осы халықаралық көрмеге барып келген студенттердің басын қосып, арнайы оркестр құрмақшы.