15.09.2017 в 23:16

Шымкент қаласындағы екі индустриялды аймақта 50 жоба іске асты

Шымкент қаласының аумағында бүгінде «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары сәтті жұмыс істеп келеді. Мәселен, «Оңтүстік» индустриалды аймағында құны 55,8 млрд теңгені құрайтын 85 жоба жүзеге асырылып жатса, қазіргі таңда құны 21,4 млрд теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асты. Осының нәтижесінде онда 3 мың жұмыс орындары құрылды.

Ал өткен жылы құрылған «Тассай» ИА 139 жұмыс орны бар, құны 1 126 млн теңгеге бағаланған 4 жоба іске қосылды.  Аумағы 89 гектарды  құрайтын аймақта бұдан басқа тағы 25 жоба жүзеге асырлуда. Алдағы уақытта бұл жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

Сонымен қатар, қала аумағында үшінші «Жұлдыз» индустриалдық аймағын іске қосу мақсатында 76 га жер телімі белгіленген. Қазіргі таңда инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге әзірленуде.

Жалпы Оңтүстік Қазақстанда үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бес жылында іске қосылған өндіріс орындарында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 176 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жалпы аумағы 959 гектар жерді алып жатқан аймақтарда 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады деп күтілуде.