03.10.2017 в 00:07

«Таза қала» байқауының үздіктері марапатталды

Қаланы таза ұстауға, гүлдендіруге тұрғындар да жыл сайын үлкен үлес қосып келеді. Биылғы «Таза қала» байқауына қатысу үшін Шымкенттің төрт бірдей ауданынан 365 өтініш түскен. Бұл шара қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен биыл 6-жыл дәстүрлі жалғасын тапты.

Акцияны ұйымдастырушы «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін байқауға қатысуға ниет білдірген аулалардың жағдайын бақылап отырды.

– Әр екі апта сайын комиссия тексеруі барысында біз үнемі таза әрі тартымды аулаларды анықтап отырдық. Төрт ай бойы, әсіресе жаздың ыстығында ауладағы, көшедегі ағаштар мен гүлдерді суарып, қуратып алмай күтіп баптаған тұрғындардың еңбегі зор. Олар бұл үшін ешкімнен ақы сұрамайды. «Өз үйім» деп қарап, шынайы жанашырлық танытады. Сонысымен де өзгелерге үлгі бола алды, – дейді Шәріпбек Жамалбекұлы.

Салтанатты жиын бұдан кейін үздіктерді марапаттауға ұласып, әсем ән байқау жеңімпаздарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен, байқау қорытындысы «Үздік аула» номинациясымен:

а) Абай ауданының Республика даңғылындағы №20, 20а үйлерініӊ ауласы;

ә) Әл-Фараби ауданының Рашидов көшесінде орналасқан №25а үйдің ауласы;

б) Еңбекші ауданының «Теріскей» шағынауданындағы №50 үйдің ауласы;

в) Қаратау ауданының «Таскен» тұрғын алабындағы Көктем көшесінің №1 және №2 үй аулалары лайық деп танылып, 200 мың теңге қаржылай сый-ақымен марапатталды.

Жоғарыда аталған номинация бойынша әр ауданның 2 орынды иемденген 8 байқау қатысушысына 150 мың теңгеден, ал 3 орынға 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай марапаттар және қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Бұдан бөлек тағы 8 орын ынталандыру сыйлығына тағайындалған 50 мың теңгені жеңіп алды.

Жылдың ерекше сыйы – қаланың тазалығына айрықша үлес қосып, көзге түскен мектеп жасындағы балақайларға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай мен ОҚО Журналистер одағының төрайымы А. Қапбарова қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың «Алғыс хатын» тапсырды. Комиссия мүшелері қала басшысының алғысына ие болған балақайлар енді білім ошағындағы оқушыларға да үлгі болады деген сенім білдірді.