5 айда көп дүние өзгерді, әсіресе бірнеше әкім қызметін ауыстырды. Өскеменге 36 жастағы жаңа мэр келді, тіпті келгеніне 5 айдан асса да оған баға беріп үлгермедік. Шымкентті тура екі жыл басқарып, аяқ-асты «Нұр Отанға» хатшы болып кеткен Ғабидолланың да атқарған жұмыстарына тоқталмадық. Ақтау қаласы әлі күнге дейін иесіз, тек ИО-мен отыр. SAIGEZ рейтингінде соңғы уақытта жоғарыдан көрініп жүрген Орал қаласының экс-мэрі Нариман Төреғалиев Сенатқа депутат болып кетті. Бұған дейін Теректі ауданын басқарып келген Мұрат Мұқаев туралы бүгін кеңінен талқылаймыз. Ал, рейтингте үнемі төменгі орыннан көрінген Ақтаудың экс-әкімі Серікбай Тұрымов облыстық (Маңғыстау) мәслихаттың депутаты болып, заң бойынша қызметінен босатылды. Айырмашылығын өзіңіз байқаңыз!
Сонымен, жадырап жаз да өтті. Жаз артынан күз келді. Жылу маусымы басталды. Қала әкімдерінің нағыз сыналатын кезі. Бірнеше облыс орталықтарында қала күні аталып өтті. Бұл ақша шашпақ шара емес, қаланың көркіне, туристік әлеуетіне, қаладағы жасалынып жатқан жағдайға, тың өзгерістерге нағыз баға берілетін уақыт. «Рухани жаңғыру» аясында «Туған жер» форумы да жер-жерде өтіп жатыр. Бұл облыстық деңгейдегі шара болғанымен, негізгі ауыртпашылық қала әкімдеріне түседі. Ұйымдастыру, қауіпсіздік шаралары, тасымалды қамтамасыз ету – осындай көрінбейтін жұмыстардың артында қала әкімдігі тұрады.
Ендеше, соңғы өзгерістерді есепке ала отырып, бүгін сол бойынша сөз тарқатуға көшпекпіз. Қорытынды рейтинг жыл соңында шығатынын ескерсек, бүгінгі әңгімемізді келген-кеткендер туралы тарқатайық.
ШЫМКЕНТ
Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ & Нұрлан САУРАНБАЕВ
Ол өте белсенді болды. Алдына үлкен мақсат қойды, жұмысты қала әкімдігінің жұмысын жандандырудан бастады. Ол тек қаланы басқарып қана қоймай, қалаға үлгі болуға тырысты. Велосипедке мінді, қоғамдық көлікке мінді. Мұндай жағдайға жұрт таңырқай қарамауы тиіс, әдеттегі жағдайдың бірі болуы тиіс деп ойлады. Халықтың санасын жаңғыртып, Шымкентке өзгеріс әкелуге тырысты. «Шымкентті тек Қазақстандағы емес, әлемдегі ең сұлу қалалар қатарына қосамыз. Шымкентке келген адам кеткісі келмейтіндей болу керек, ал кетуге мәжбүр болса, шаһармен көзіне жас алып қоштасатындай дәрежеге жеткізуіміз қажет» деп бастады жұмысын.
Қызметке жайғаса салып қаланың 2020 жылға дейінгі даму жоспарын жасап шықты. Қала инфрақұрылымын дамытуға көп басымдық берді. Қала халқының ауыз суға, газға, энергияға қажеттілігін оңай етіп, қолжетімді қылуға атсалысты. Shymkent City жобасы Ғабидолланың визит карточкасы болып қалатындай үлкен жұмыс. Қазір бұл мега жобаның құрылысы басталып та үлгерді.
Ол күні-түні қаланы аралаумен болды. Барлық проблеманы өз жауапкершілігіне алды, көп өзгерістерді қиындатпай, халықтың өз тілімен түсіндірді. Оған халықты тұрғылықты жеріне қарай уақытша тіркеу дауына байланысты айтқан сөзі куә. Тіпті, Ғабидолланың түсіндірмесі басқаларға да үлгі болды.
Ғабидолла – қала әкімдерінің мәртебесін көтеріп кетті, оларға облыс басшысының ығында қалмай, қаланы көркейту, дамыту, жайлы ету үшін бел шеше жұмыс істеуге шақырды. Сөзің өту үшін салмағың болу керек, аузыңда дуа болу үшін тұлғаға айналу керектігін дәлелдеді.
ОРАЛ
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ & Мұрат МҰҚАЕВ
Осы жылдың шілдесінде Оралға жаңадан әкім болып Мұрат Мұқаев келді. Бұрынғы Теректі ауданының әкімі ҚР Парламенті Сенатына депутат болып кеткен Нариман Төреғалиевтің орнын басты. Бұрын қаланы басқарған Алтай Көлгінов бүгінде облыс басшысы болып отырса, енді бірі Сенат депутаты болып биіктеді. Бұл дәстүр алдағы уақытта Мұрат Мұқаев үшін де үлгі, ізгі жол болуы тиіс.
Мұрат Рахметұлының қала басқарғанына да бір тоқсан өтіпті. Несімен есте қалды, қандай жұмыс атқарды? Осыған тоқталайық.
Оралдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жол. 2017 жылғы жоспар бойынша қалада 67 көше жөндеуден өтуі тиіс болатын. Сол үшін 8,1 миллиард теңге бөлініп, Орал қаласының әкімдігі ала жаздай жол салумен айналысты. Нәтижесі қандай? 61 көше толықтай жөндеуден өтті. Қалған алтауында құрылыс жұмыстары толықтай аяқталмай, келесі жылға қалды. Бұл Орал қаласы тарихында бұрын-соңды атқарылмаған ең үлкен жұмыс. Өткен жылы қалада бас-аяғы 23 шақырым жол жөнделсе, биыл 73 шақырым. Одан бөлек 40 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, қаладағы жалпы жұмыстың 90 пайызы орындалды. Осылайша, қала әкімдігі алдағы жылдың жұмысын жеңілдетіп, келесі жылға мүлдем басқа жоспар қойып отыр.
Жолды тек жөндеп қана қоймай, сапалы етіп, еуропалық технологияны қолданды. Алдағы 2-3 жылдың ішінде Оралдағы жол мәселесі толықтай шешімін тауып, ұзақ мерзімге дейін бұл қиындықтан құтылатын жол қарастырып жатыр. Одан бөлек, қаладағы үлкен көшелерге 37 жаңа үлгідегі аялдама павильоны орнатылды, жыл соңына дейін үнемделген қаржыдан тағы 7 аялдама орнатылмақ.
2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасы қабылданып, жыл соңына дейін Оңай және СМСBUS электронды төлемдерін енгізу туралы жұмыс атқарып жатыр.
Мұрат Мұқаев келгеніне көп уақыт болмаса да халықпен тіл табысып, алғысын алып та үлгерді. Биыл қала күні де ойдағыдай өтіп, халық бір серпіліп қалды. Жұмыс жүріп жатқандықтан, мұндай мерекелерді орнымен атап өту де жарасады. Өңірлік БАҚ-тарда орнымен сұхбат беріп, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы айтып жүр. Тіпті, республикалық басылымдарда да Орал қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды сәтімен көрсетіп келеді.
ӨСКЕМЕН
Ерлан АЙМҰҚАШЕВ & Қуат ТҰМАБАЕВ
Қуат Тұмабаев сенбіліктен қалмайды, ескерткіштерді тазалап, Қабанбай батырға қойылған ескерткішті жуып шықты. Қала көшелерін, ғимараттарды қаптаған жабайы жарнамалардан тазартып, Өскеменнің шырайы кіріп қалды.
Қ.Тұмабаевтың әр қадамы ақпарат болып тарайды. Тұмауға қарсы екпе алса да, отбасымен серуендесе де, қайырымдылық жасаса да ақпарат. Жақында Қуат Тұмабаевты республика жұрты әбден танып-білді десек те болады. Қызмет көлігін демалыс күндері жеке мүддесі үшін пайдаланған орынбасарын «жазалап», екі ай бойы жаяу жүруге мәжбүрледі. Қала әкімінің орынбасары Расул Манапов жазасын өтеу үшін қызмет уақытынан бөлек 20 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді. «Өскемен Тәртіп» коммуналды кәсіпорнының жұмысшыларымен бірге таңғы 8.00-ден бастап 11.00-ге дейін Республика алаңындағы субұрқақты қыс мезгіліне дайындады.
Қуат Тұмабаев әзірге ақпарат алаңында іскерлігімен емес, осындай «еркелігімен» жиі көзге түсіп жүр.
АҚТАУ
P.S.
Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды.
SAIGEZ.KZ сарапшылары қалалардың емес, қала әкімдерінің рейтингін жасайды. Қосымша сұрақтарыңыз болса saigezkz@gmail.com электронды адресіне жолдауларыңызды сұраймыз.