- Шаһар әкімі тәжірибе ретінде шенеуніктерге де қарапайым халықтың жағдайымен танысуды ұсынды. Яғни, әкімдіктің жоғары лауазымды қызметкерлері күн сайын басқа да қалалықтармен бірге жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынады, - дейді Шымкент қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Жұмағұлова. - Шенеуніктер автобустармен құр қатынап қана қоймай, қоғамдық көліктердің лық толуы, жолаушыларға көрсетілетін қызмет дәрежесі секілді тұстарда кездескен олқылықтар мен кемшіліктерді тіркеп отырды. Нақты айтқанда шымкенттік шенеуніктер автобустармен тұп-тура 1 апта жүрді. Одан кейін жұмысқа өз еріктерімен - автобуспен, жаяу немесе өздерінің жеке көліктерімен қатынай бастады.
Бұл бастаманың нәтижелері мынадай:
- таяуда қала бойынша әлеуметтік 10 бағыт ашылады және кәсіпкерлерге қосымша жаңа 12 бағыт ұсынылды;
- қалалық әкімдіктің сайтында көлік компанияларының рейтингі жарияланды. Онда қоғамдық көліктің қызметін пайдаланатын кез келген тұрғын жолаушы тасымалдаушылардың жұмысын бағалау мүмкіндігіне ие болды;
- азаматтардың арыз-шағымы мен рейтинг нәтижесі негізінде келісім-шарттың талаптарын сақтамаған 5 компаниямен келісім үзілді;
- кейбір бағыттарда көлік кестесін көбейту ұсынылды. Мысалы, №4 бағыт бойынша 4 кесте қосылады, №40 бағытқа - 2 кесте, №145 бағытқа 3 кесте қосылады. №101 және 89 бағыттардағы көлік кестесі қайта жасалды;
- жолаушыларға қолайлы болу үшін мобильді қосымша жасалды. Ол тұрғындарға қай бағыттағы автобустың қандай да бір аялдамаға қай уақытта келетінін анықтауға мүмкіндік береді. Қазір қосымша сынақтан өткізілуде;
- жолаушыларға электронды билет беру жүйесін орнату бойынша «SMART-ЖКХ» ЖШС-мен меморандум түзілді;
- муниципалды автопарк құру бойынша жұмыс атқарылуда;
- таяу күндері қалаға жаңа 100 автобус келеді деп күтілуде;
- автобус аялдамаларында көлік қозғалысының кестесі бар ақпараттық таблолар орнатыла бастады. Енді тұрғындар өзіне қолайлы бағыт таңдау үшін осы кестеге қараса болғаны.
Айта кетейік, бұл - осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар. Негізгі қорытынды 11 желтоқсанда өтетін жиналыста айтылады, - деп хабарлайды Шымкент қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Жұмағұлова.