20.11.2017 в 23:46

ЗООБАҚ – көңілді демалыс, көрікті бақ

Африка мен Азия! Қазақстан, Австралия, Оңтүстік Америка! Бұл елдер мен құрлықтардың «бір бөлігі» болашақта Шымкент зообағынан орын теппек. Қазірдің өзінде акация, пальма ағаштары құрылысы аяқталып қалған «Африка» аймағының сәнін еселей түскен. Зообақ басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев қайта құру бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

– Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде тау барысының мүсіндері Ресей павильонының шырайын келтірген-ді. Сол екі мүсіннің бірі көрме аяқталғаннан кейін «Нұр Әлемде» қалады деп жоспарланған. Көрші ел сыйлаған екінші мүсін Шымкент зообағына бұйырды. Жаңа бағытқа бетбұрыс жасаған біздің ұжым үшін бұл таңдау үлкен мәртебеге ие, – дейді Н.Бұхарбаев.

Зообақ басшысының айтуынша, тау барысының айналасынан тағы 6 жануардың мүсіні орын теуіп, ортадан субұрқақ іске қосылмақ.

Жан-жануарлар әлемі – нағыз кереметтер әлемі. Мұндағы қызықтың бірі күндіз ұйқыға кетіп, түнде оянатын тіршілік иелерін біз жайшылықта көрмейміз де. Соңғы кездері Голливудтың фэнтези жанрындағы кинофильмдерінің көзіріне айналған жарқанаттарды енді өз көзімізбен көріп, бір сәтке ертегі әлеміне енгендей әсер аламыз. Себебі, зообақта түнгі тіршілік иелеріне арналған орындар ашылады дейді ғылыми әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Қанат Егембердиев.

– Зообақтағы «Тау» экспозициясының жертөлесінен орын тепкен «Түнгі әлем» бөлімінің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Мұнда ит тектес жарқанаттарды жайғастырмақпыз. Әзірге мұндай жануардың екі түріне тапсырыс бердік. Қала тұрғындары зообаққа күндізгі уақытта келеді. Сондықтан біз «Түнгі әлем» бөлігінде күн режимін жасанды түнге ауыстырдық. Едендегі әлсіз ғана жарық келушілерге бағыт сілтейді. Ал жануарларды қызыл түсті жарықтың көмегімен бақылап, қызықтай алады. Құрылысы аяқталып, жануарларды түгендеп үлгерсек, «Түнгі әлемнің» есігі келер жылдың басында қала тұрғындары үшін ашық болады, – дейді Қ.Егембердиев.

Зообаққа кіру құны қазір 23 теңге 69 тиын. Биылғы хайуанаттар бағына келушілер саны 400 мыңға жеткен. Н.Бұхарбаев алдағы 2-3 жылда Шымкент зообағын піл жануарымен де толықтыру ниеті барын жеткізді.

Шымкент зоологиялық бағы 1979-1981 жылдары қазақтың көрнекті ұлы Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен әрі тікелей басшылығымен құрылған.

Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Шымкент хайуанаттар бағында жануарлардың 239 түрі бар, жалпы саны 2 495 құрайды. Олардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұнда балықтың 70 түрінен, 1 254 балық мекендейтін аквариум орналасқан.

Ақпарат көзі: shymkala.kz