23.11.2017 в 23:25

Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық жұмыстар жүргізуге қалалық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді

«Қасиетті Қазақстан» жобасына өңірімізден 23 киелі орын енгізілді

Шымкент қаласындағы жергілікті маңызы бар Қаратөбе қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге, Қаратөбе қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ж. Түймебаевтың қатысуымен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан мәлім етті.

– Шымкент қаласындағы жергілікті маңызы бар Қаратөбе қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге, Қаратөбе қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге, Оба патшалық қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 24 млн теңге, Қазығұрт тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыру үшін 1 млрд 513 млн теңге, Ордабасы тауына 1 млрд 200 млн теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр, – деді А. Темірхан.

Биыл Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға және археологиялық жұмыстар жүргізуге қалалық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жиын қорытындысында «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімдігінің арнайы қаулысы қабылданды. Қабылданған қаулыға сәйкес дарынды тұлғаларға қолдау көрсету, қазақ өнерін насихаттау, әлемдік іс-тәжирібе алмасу мақсатында халық шығармашылығының түрлі жанрлары бойынша жақын және шетелдерге іссапарларға шығу жұмыстары да қарастырылған.