Сала мамандарының айтуынша, қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында елдегі агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер саны 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Бастысы, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы қарастырылуда.
Шымкент қаласының ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Биыл қаладағы жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған. Мәселен, «Асар» шағынауданындағы «Асар KZ» ЖШС-нің иелігінде сыйымдылығы 5 тоннаға лайықталған қойма қажетті іске жарап тұр. Себебі, аталмыш шағынаудандағы жалпы көлемі 45 гектарды құрайтын жылыжай кешендері өнімдерін ұзақ мерзімде сақтауға бейімделген.
Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда жинап алынған өнімнің көлемі 17 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Осы орайда, айта кетерлігі, облыс орталығындағы егістік жер көлемі санатына енетін 39 700 гектар аумақтың 27 195 гектары игерілуде. Өзге 8800 гектар жер парға айдалған.