Шымкент қаласындағы 76 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – 302 мың шаршы метрді құрайтын 4833 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 76 үйдің 44-і биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Яғни, жыл соңына дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (ҚТҮҚЖБ), «Бәйтерек Деволопмент» АҚ, «Самұрық-қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ және Жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) тұрғындарға 2200-ден астам пәтерді үлестірмек. 44 үйдің 11-і коммуналдық бағытта жалға беріледі.
– Азаматтар тұрғын үйге 5 санат бойынша кезекке тіркелген. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетімдер, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері және соңғысы үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар. 2017 жылы «ҚТҮҚЖ» банкі – 558, «Самұрық» – 321, «Бәйтерек Деволопмент» – 549 пәтердің кілтін тапсырады. Ал ЖАО арқылы Әкімшілік-іскерлік орталығынан (ӘІО) 8 үй, «Тұран» шағынауданынан 3 үй, барлығы 1314 пәтер коммуналдық бағытта жалға берілмек, – дейді М.Әбдінұров.
ӘІО-дағы 9 қабатты 11 үйдің тұрғындары жақын күндері қоныс тойын тойлайды. 1 шаршы метрі – 140 мың теңгеге бағаланған бұл үйлер мемлекеттік субсидилау нәтижесінде арзанға түсіп отыр дейді «ҚТҮҚЖ» банкі басшысының орынбасары Ақылбек Қоспанов.
– ӘІО-дағы үйлер 3 сыныпты сапамен салынды. 1 шаршы метрдің негізгі құны – 160 мың теңгеге тең. Бірақ, мемлекеттік субсидиялау нәтижесінде тұрғындарға 1 ш/м – 140 мың теңгеден беріледі. Сонда, 3 бөлмелі (көлемі – 73,66 шаршы метр) пәтер құны – 10 312 400 теңге. 2 бөлмелі (58,81 ш/м) пәтер –8 233 400 теңге. Ал 1 бөлмелі (37,59 ш/м) пәтер – 5 262 600 теңге, – дейді ол.
Көпқабатты тұрғын үйлер бүгінде «Тұран» шағынауданы мен «Шымкент сити» қалашығында да бой көтерді. «Бәйтерек Деволопмент» АҚ арқылы пайдалануға берілетін 16 үйдің 10-ы жаңа шағынаудандардан салынса, 6-ы Төлеметов көшесінің бойынан орын тепті. Мұндағы 6 қабатты, сапасы 3 сыныпты тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 180 мың теңге. Сондай-ақ, «Тұран» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің 5-і «Самырұқ Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы берілмек.
Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы М.Әбдінұров:
– Бүгінде кезекте тұрған 33 мың адамды баспанамен қамту үшін жылына 3000 коммуналдық және 4000 кредиттік пәтердің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыруымыз қажет. Сонда 5 жылда бұл мәселе шешімін табады.