27.11.2017 в 02:08

Тазалық пен тәртіп – қала мәдениетінің айнасы

Ретсіз орналасқан сауда орындары көзге қораш көрінетін қоқыс үйінділері... Әсіресе, «Қырғы базар», «Ескі қалашық» немесе «Кристалл» сауда қатарларының маңынан өтер болсаңыз, шалынып не болмаса әлдебір затқа соқтығысып өтпегеніңізге шүкір дерсіз. Жаяу жүргіншілер жолын жауып, қаз-қатар тізілген жүк көліктері онысымен қоймай, дабыл қағып, жаяу жүргіншілердің зәре-құтын алатыны тағы бар. Әлі күнге дейін шегі шұбатылған мәселенің нақты шешімі нендей болмақ? Осы орайда, бүгінгі ахуалды тағы бір зерделеп көру үшін бірқатар сауда қатарларына бағыт алған едік.

Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен де сұхбаттасудың сәті түсті. Аудан басшысының айтуынша, жақын күндері мұндай ретсіздікке мүлдем тыйым салынбақ.

– Қазіргі таңда, аудан аумағына қарайтын «Акбар» базары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындар біршама ретке келтірілген. Әзірге осы «Қырғы базар» маңындағы ұзаққа созылған өзекті мәселеде түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін сот шешімін күтудеміз. Яғни, мұндағы 300-ден астам заңсыз сауда иелері үшін заң аясында нақты шара қабылданады. Аталмыш базар басшылығы да бұл істе бізге лайықты қолдау танытуда. Демеушілік жәрдем көрсетіп, әкімдік мамандары үшін арнайы велосипедтер алып берді. Мұнда біздің қызметкерлер велосипед қызметін пайдаланып, жүйелі түрде бақылау шараларын ұйымдастыруда, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.

Осы орайда, аудан аумағындағы санитарлық тазалықты қалыптастыру бағытында сауда орындарының маңынан тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 185 контейнер алаңшалары және 626 қоқыс контейнері орнатылыпты.

Қаланың 2020 жылға дейінгі арналған әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы аясында «Қырғы базарды» қайта құрылымдап, шығыс стиліндегі сәулетті кешенге айналдыру көзделген. Нәтижесінде, «Шығыс базары» – келешекте қаланың көрікті орнына айналып қана қоймай, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі сауда-саттық дәстүрін жаңғыртқан, ұлттық кескін-келбеті сақталған орын болмақ.

Жалпы, бүгінде қала аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатарлары жұмыс істеуде. Олардың 11-і ірі базарлардың қатарына жатады. Дегенмен, ондағы олқылықтарды бірізді жүйеге келтіру әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен, базарлар мен сауда қатарларының ешбірінде көлік тұрағы мәселесі шешілмеген. Ал қолданыстағы заңға сәйкес, әр базар аумағының 36 пайызы автотұрақтарға берілуі тиіс.

Жуырда ТМД елдерінің басшылары бас қосқан келелі жиында Шымкент – 2020 жылғы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған еді. Қаланың мұндай мәртебеге ие болуы да тегін емес. Шымқалада соңғы бес жылда 50-ге таяу мәдени нысан бой көтеріпті. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Шаһар еліміздің демографиясына да лайықты үлес қосып келеді. Жақын күндері 1 миллион тұрғыны бар қала ретінде мәлім болмақ. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Облыс орталығының қарқынды дамуы мәдени астана атануына мүмкіндік беруде.

Ақпарат көзі:shymkala.kz