29.11.2017 в 23:35

Шымқаланың жаңаруы: жоспардан нақты іске

Жақында облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов облыс аймағында және Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен таныстырған болатын. Жоспар бойынша қалада жаңа әуежай, аймақты барлайтын «Қарауылтөбе», «Шымкент Арена» спорт сарайы секілді ғимараттар бой көтереді. Сондай-ақ, 40 қабаттан тұратын «Шымкент тәжі» тұрғын үйінің нобайы дайындалған.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымшаһарда жер үйлердің көптігін және олардың қала көркін бұзып тұрғанын айтқан болатын. Мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 2042 тұрғын үй бар. Бұл – қалалықтардың 39,3 пайызы. Ал жер үйлер саны – 217 мың. Қазіргі таңда пәтер алу үшін кезекте тұрған адам саны – 87 214. Осы өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар бағдарламалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Жаңарту 2017-2021» бағдарламасы аясында Қошқар ата өзенінің бас жағына жаңа аудан түседі. Онда 420 ескі үй бұзылып, орнына 61 көпқабатты тұрғын үй салынады. 600 орындық мектеп, 320 орындық балабақша, сонымен қатар 30-ға жуық коммерциялық нысандар бой көтереді, – дейді Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Байымбетов.

qarauyl tobe

Зәулім ғимараттарды салып қана қоймай оның сапасына да мән беру керек. Әлемнің ең ірі мегаполистерінде төбесі көк тіреген ғимараттар көп-ақ. Алайда, болмашы табиғат апаттары мен техникалық ақаулардың салдарынан қирап, талай адамның өмірін қиғанын білеміз. Осындай жағдайларды ескеріп Шымкентте жаңадан салынып жатқан ғимараттарды арнайы сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Тұран» шағынауданында бой көтерген нысан сейсмологиялық зерттеуден өтті. Сынақ қорытындысы бойынша ғимарат 7 балдық сілкініске төтеп берген.

Германияның Гамбург қаласында «HafenCity» деген жоғары оқу орны бар. Онда сәулетші, инженер, геоматика, қалалық дизайн және мегаполис мәдениеті мамандарын оқытады. Олардың басты міндеті – қаланың экологиясы, ғимарат құрылыстары секілді салаларды дамыту. Студенттер білім ордасында түрлі жобалар дайындап, үлкен қалалар мен мегаполистерде жүзеге асырады. Шымқаланың келбетін бұдан да көркейте түсу үшін осындай мамандарды дайындау – заман талабы.

– Жаңа ғимараттар салу үшін алдымен сәулетшілерден ұсыныс болуы керек. «Мынадай жерлерді алсақ, осындай нысандар саламыз» деген. Соған қарай жер қатынастары бөлімі жер бөліп, құжаттарды дайындайды. Бас жоспарға сәйкес, қазір барлық аудандарда қай жерде мектеп, қай жерге дүкен салынатыны белгіленіп қойған, – дейді ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов.

Қала зәулім ғимаратымен көрікті. Менмұндалаған мұнаралар қала тұрғындарына саясын түсіріп, дауыл, желдерден қорғап тұруы керек. Алдағы уақытта макеттен көрген ғимараттар нобайын шынайы өмірімізде тамашалайтын күннің келеріне сенейік.