01.12.2017 в 22:08

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ – ЕЛБАСЫ ҚҰРҒАН БІРЕГЕЙ ИНСТИТУТ

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Мәжіліске облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, ғалымдар, облыстық этномәдени бірлестіктер мен ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, діни конфессиялардың өкілдері, «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

Мәжілісті ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.О.Қалмұратов ашып берді: — Тұңғыш Президент күні мерекесінің бекітілуі — халықтың өз көшбасшысына деген құрметі. Бұл осыдан 26 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты Президент етіп сайлаған халықтың сәтті жасалған таңдауына деген құрмет.

 

Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап еліміздегі алуан түрлі мәдениеттер мен этностар арасында төзімділік қарым-қатынасты қалыптастырудың мақсаты мен дәйекті саясатын ұстануды ұсынғанын айтқан хатшылық меңгерушісі жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына, Елбасының тарихи шешімдеріне кеңінен тоқталды.

 

Мәжіліс аясында Елбасы туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнайы әзірленген бейнефильм көрсетілді. ОҚО ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қазақстан халқы ассамблеясы арнайы кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к., доцент Асхат Есенәлиев, ОҚМПУ профессоры, т.ғ.к. Сағынғали Әбубәкіров, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры, п.ғ.д. Нигматжан .Алметов және облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак баяндама жасап, мемлекет басшысының жалпыұлттық бірлік саласындағы салиқалы саясатын, әлемдік аренадағы биік беделін, ел экономикасын арттыру жолындағы жасампаз еңбектері туралы сөз сөйледі.

 

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы осы жылдар ішінде қазақстандықтардың жүрегінен орын алып, өміршеңдігін көрсеткенін, бүгінде Парламентте этнос өкілдерінен сайланған депутаттардың заң шығарушылық үдеріске қатысуы ресми тұрғыда бекітілген әлемдегі жалғыз мемлекет екені мәжілісте айрықша айтылды.

 

otyrar.kz