22.10.2014 в 19:57

Айгүл Садвокасова: "Этносаралық қатынастарға сыртқы ақпараттардың ықпалы көп..."

 

Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында үшкүндік семинар болып жатыр. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы Ф. Эберт қорының, «Қоғамдық пікір» Зерттеу институтының, Көкше академиясының Бейбітшілік, шиеленіс және медиация институтының қолдауымен және қатысуымен ұйымдастырылып отыр. Семинар жөнінде әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвокасовамен тілдескен едік.

Айгүл Садвокасова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық орталығының жетекшісі:

«Этносаралық қатынастарға сыртқы ақпаратардың ықпалы көп...»

- Айгүл Кәкімбекқызы, халықаралық, отандық сарапшылар бас қосып жатқан семинардың мақсатымен таныстырып өтсеңіз...

- Бұл семинарлардың мақсаты – этносаралық қатынастарды жетілдіруге үлес қосу. Қазір әлемнің көптеген елдерінде осы мәселеден ушыққан конфликтілерді көріп отырмыз. Бұның бәрі этносаралық қатынастарды саясиландырудан шығып отыр. Елдігімізді, біртұтастығымызды сақтай отырып, даму – негізігі идеологиямыз ғой. Біз бұдан ауытқысақ, біріншіден, осы уақытқа дейін жиғанымыздан айырыламыз. Екіншіден, ешқандай да даму болмайды. Ол үшін қоғамның барлық саласының өкілдері бірлесіп қимылдауы қажет. Сондықтан біз семинарларымыздың контингентін анықтап алғанбыз. Олар - облыстардың этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесімен айналысатын мемлекеттік қызметшілері – облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармалары мен бөлімдерінің, жастар саясаты, дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары мен мамандары, облыстық ҚХА хатшылықтарының жетекшілері мен мамандары, құқыққорғау органдарының, әкімдердің баспасөз қызметінің өкілдері; ҚХА ҒСТ, БАҚ, ЖОО өкілдері; мәслихат хатшылары; этномәдени, діни, жастар ұйымдарының жетекшілері.

- Осындай шаралардан кейін, семинарлардың, тренингтердің нәтижелілігін анықтау үшін қандай да бір социологиялық зерттеулер жүргізіле ме?

- Социологиялық зерттеулер міндетті түрде болады. Осы этносаралық қатынастарды ғана терең зерттеу мақсатында екі бірдей кең ауқымды зерттеу жүргізілді. Онда Қазақстанның өңірлеріндегі жағдай, тығыз қоныстанған этнотоптар туралы және шекаралас аймақтарда қоныстанған халықтың ара-қатынасы жайлы зерттелді. Оған отандық ғалымдармен қатар, халықаралық сарапшылар да тартылды. Осы семинарымыз Қостанай, СҚО және Ақмола облыстарына арналып отыр. Осы аймақтар үшін біз Петропавлда, Павлодарда да өткізген болатынбыз. Сол арқылы біз жергілікті ерекшеліктерді анықтап жүрміз.

- Сіздер жергілікті халықпен араласып жүрсіздер. Украинадағы жағдайдан кейін ел болып, Солтүстік өңірлеріміз үшін алаңдап отырмыз. Спецификаны анықтау барысында байқаған шығарсыздар, қауіптенуіміз қаншалықты негізді?

- Оны екі жақты қарастыру қажет. Біріншіден, сырттан келетін ақпарат. Ақпарат сөзсіз, әсер етеді. Екіншіден, бұл - біздің ішкі бірлігіміздің қаншалықты мығым екенін сынайтын кезең. Сынақты ынтымағымыз жарасып бетпе бет келсек, бәлендей қорқыныш жоқ. Сол кезде ғана біз шын мәнінде мықты мемлекет екенімізді дәлелдейміз.

- Тәуелсіз ел атанғанымызға 24 жылға жуықтады. Осы сияқты шаралар, үгіт-насихат үнемі жүріп жатады. Бұл өзі өмір бойы жүретін процесс пе әлде, біздің біртұтастанатын уақытымыз жетті ме?

- Бұл өзі тарихи мерзім үшін өте аз уақыт. Кезінде әлемге сес көрсеткен КСРО-ны алыңызшы. 70 жылдан кейін ыдырап тынды. Яғни, мемлекеттің қалыптасып, аяғынан тұруы үшін 70 жылдың өзі аздық етті. Бұрынғы замандарда халықтар жеке-жеке өмір сүрді. Мемлекет болғанымен қазіргідей дипломатия жоқ. Қазір жаһандану процесі кезінде кез келген қауіппен бетпе бет келуіміз мүмкін. Барлық сынаққа дайын болуымыз қажет. Сондықтан, елдің бірлігі жолындағы шаралардың ешқайсысы артықтық етпейді.

- Әңгімеңізге рақмет!